Басты бетЖаңалықтарӘскерге кеткен...

Әскерге кеткен қызметкердің жұмыс орны сақталады

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң жобасын депутаттарға ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов таныстырды.

Министрдің айтуынша, заң жобасы еңбек қатынастары, әлеуметтік серіктестік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін қамтиды.

Еңбек жағдайлары бойынша қызметкерлерді кемсіту фактілеріне жол бермеу мақсатында Еңбек кодексінде қызметкердің лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларына құқығы туралы норманы белгілеу мен әкімшілік заңнамаға еңбек саласында кемсітушілік фактілеріне жол берген жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартуға негіз енгізу ұсынылады, — деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен бірге заң жобасы бойынша кадрлық іс жүргізуді цифрландыру мақсатында жұмыс берушімен арадағы еңбек шартында көзделген жұмыскердің еңбегі туралы ақпарат Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕҚАБЖ) беріледі. Министрліктің пилот жобасы оның шеңберінде 23 762 ұйым өздері жасаған 1 миллион 220 мың еңбек шарты туралы мәліметті сол бірыңғай жүйеге енгізді.

Заң жобасы бойынша жұмысшы мерзімді әскери қызметін өтемек болса, жұмыс беруші оған жалақысыз демалыс беруге және жұмыс орнын сақтап қалуға міндеттеледі. Жұмысшы әскери бөлім тізімінен шығарылғаннан бір ай ішінде жұмыс орнына қайтып келуге тиіс.

Отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақыты режиміне құқық беру ұсынылады. Бұл шара қызметкерлерге еңбек қызметін жеке және отбасы міндеттерімен үйлестіруге мүмкіндік береді, — деді министр.

Жаңа заңнама бойынша құрылтайшысы немесе акционері бір компаниялар тобы шеңберінде жұмысшыны іссапарға жіберу мүмкіндігі кеңейтіледі.

Келіссөз жүргізу мен ұжымдық шарттарға қол қою барысында барлық жұмыскердің пікірі ескерілуі үшін кәсіподаққа мүше емес қызметкерлердің мүддесін қорғау жөніндегі сайланбалы өкілдердің өкілеттігі бекітіледі. Еңбек дауына жол бермеу үшін бір ұйымда бір ғана ұжымдық шарт жасалады.

Әлеуметтік әріптестікті реттеу саласында кәсіподақтардың қызметіне байланысты Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын орындау мақсатында кәсіподақтардың жоғары тұрған кәсіподақ бірлестіктеріне міндетті мүшелігін алып тастау көзделіп отыр, бұл кәсіподақтардың бірлестік еркіндігіне құқығын шектемеуге мүмкіндік береді, сонымен бірге кәсіподақтарды республикалық, салалық, өңірлік бірлестіктер ретінде мемлекеттік тіркеу кезінде кәсіподақтардың мәртебесін растау жағдайларды оңайлатылады. Бұдан былай салалық кәсіподақтарға сол сала және онымен байланысты салалар қызметкерлерінің жалпы санының кемінде жартысын біріктіру туралы талап алып тасталады, әділет органдарына тіркеу кезінде кәсіподақтар бірлестігінің мәртебесін растау мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылады, — деді министр.