Алматыдан бір топ жас мерзімді әскери қызметке аттанды

45 жігіт Өскеменнің іргесіндегі Жаңа Ахмер кентінде борышын өтейді.

Әскерге шығарып салу рәсімі
Фото: Сымбат Айдархан

Бекболат Пернебай 20-да. Жетісайда туып-өскен. Әскерге баруды кішкентай кезінен армандапты, Отан алдындағы борышын өтейтініне қуанып тұр. Болашақта әскери салада жұмыс істегісі келеді.

Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір ер азаматтың борышы деп білемін. Оны абыройлы атқару үлкен жауапкершілікті талап етеді ғой. Әскерге бару үшін спортпен шұғылданып, өзімді психологиялық жағынан дайындадым. Әскерден кейін осы салада келісімшартпен қызмет еткім келеді, — дейді ол.

Бекболатты әскерге шығарып салуға ата-анасы, туыстары мен достары келіпті. Ата-анасы Бекболаттың шешімін дұрыс деп есептесе де, көңілдерінде қимастық сезімі бар. Көздеріне жас алып, оның үйге аман-есен оралуын тіледі. 

Ұлымның әскерге бара жатқанына қуанып тұрмын. Әскерде шынығып, қатал тәртіпке үйреніп, ер азамат ретінде жауапкершілікті сезініп келер. Болашақта осы салада қызметін жалғастырып, жетістікке жете беруіне тілектеспін, — дейді Бекболаттың әкесі Нұрлан Пернебайұлы.

Алматының Әуезов ауданынан Бекболат сияқты барлығы 45 жігіт әскерге аттанды. Шығарып салу рәсімі «Ел тірегі — 2019» республикалық акция аясында ұйымдастырылды. Әуезов ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Денис Насыров болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі.

Әуезов ауданы бойынша 140 азамат әскерге баруға тиіс еді. Бірақ қазір оның тек 45-і Отан алдындағы борышын атқаруға аттанғалы тұр. Әскери қызмет — сарбаз үшін ең жақсы өмірлік мектеп. Сол мектепте мықты азамат болып қалыптасыңдар. Азаматтық борыштарыңды лайықты түрде өтеп, анттарыңа адал болуды тілеймін, — дейді подполковник Денис Насыров.

Отан қорғауға бел буған бұл жігіттердің бәрі — орта арнаулы білімі бар жастар. Әскерге шақырылғаннан кейін олар психологиялық тестілеуден, медициналық тексерістен өткен.

Әскерге шығарып салу рәсімі
Фото: Сымбат Айдархан

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық ұйымының өкілдері болашақ сарбаздарға арнайы дайындалған сыйлық табыстады.

Әскерге шығарып салу рәсімі
Фото: Сымбат Айдархан

 

2019 жылы Алматы бойынша барлығы 1500 жасты әскерге шақыру көзделген. Оның дені — 1992-2001 жылы туған азаматтар.