Нұр-Сұлтанда Astana HUB ғимаратында Қаржы министрлігінің Open API форматындағы қызмет түрлері мен «Салық әмияны» жүйесі таныстырылды. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салық төлеу процесін оңайлату үшін жүргізілген жұмыс нәтижесінде «Салық әмияны» механизмі 2020 жылдың 1 қаңтарында іске қосылады.

Салық
Фото: Astana Hub

«Салық әмияны» — бір шоттан төлем қабылдау мен өңдеу және төлемді салық төлеушінің өтінішінсіз онлайн режимде есепке алу жүйесі. Оны таныстырған Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, бұл жүйе салық төлеушіні қателесуден, артық төлем төлеуден қорғайды.

Көп азамат салық төлеуде қиындықтарға тап болды. Мысалы, салық төлеуші ​​өзіне қажет 1000-нан астам деректеменің төртеуін — бюджеттік жіктеме коды, салық тағайындау коды, бенефициардың БСН (БИН) және сомасын көрсетуі керек еді. Оның біреуі дұрыс көрсетілмесе, бюджетке төлемдер дұрыс аударылмай, содан айыппұлдар мен өсімпұлдар төлеуге мәжбүр болатын. Бүгінгі таңда Қаржы министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында салықты балама түрде «Салық әмиянын» толтыру арқылы төлеуге болады. Бұл қызмет салық төлеушіге оның қазіргі және алдағы бюджет міндеттемелерін туралы ақпарат береді. «Салық әмиянынан» түскен ақша бірден салық міндеттемелері туындаған тиісті салық түрлеріне есептеледі. Сонымен бірге салық төлеудің деректемелері салық төлеуші көрсетпей-ақ лезде толтырылады, бұл салықтың кепілді жеткізілуін қамтамасыз етеді, — деді Руслан Еңсебаев.

Жаңа қызметтің бұған дейін қолданылған борыш төлемдері немесе алдағы төлемдер бойынша қызметтерден айырмашылығы — қаражатты бірыңғай реквизитке аударуға, «Салық әмиянының» балансынан лезде ақша аудару опциясын қосуға және төлем төленгені туралы хабарлама алуға мүмкіндік береді.

«Салық әмиянының» ұялы телефонға арналған e-Salyq қолданбасы бар. Ол осы жылдың соңынан бастап eGov.kz порталына, HomeBank.kz, Kaspi.kz қолданбаларына енгізіледі.

Қаржы министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қызмет түрлерін Open API форматына көшіру мен салық төлеу тәртібін жеңілдететін қызмет түрлерін енгізуді де қолға алған.

Бүгінде мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы мәлімет беру бойынша 60-тан астам мемлекеттік қызмет енгізілді. «Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Біржановтың айтуынша, қазіргі кезде 160-тан астам ұйым электрон мемлекеттік сатып алу порталының деректерін сараптама құруға немесе нарық қатысушыларына ақпарат жеткізуге пайдаланады. Жүйе тапсырыс берушілердің тауар жеткізуге, қызмет көрсетуге қандай қажеттілігі бар екені туралы, сатып алу процедураларын жүргізу, жеткізушіні сәйкестендіру, электрон келісімшарт жасау мен олардың орындалуы туралы мәліметтерді жариялауға мүмкіндік береді.

Биыл Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Орталықтандырылған бірыңғай жеке шоттар» жүйесінен салық берешегі, төленген сомалар және алдағы төлемдер туралы мәлімет беретін API сервистері пайда болды. Комитеттің ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Бауыржан Жұмақасовтың айтуынша, бұл сервистер салық төлеу процесін жеңілдетті.

Мәселен, алдағы төлемдер қызметі салық төлеушілерге алдағы салық сомасын (мүлік, жер, көлік салығы) білуге және белгіленген мерзімге дейін төлеуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Kgd.gov.kz сайтында және eGov.kz, Kaspi.kz, HomeBank.kz платформаларында сәтті жұмыс істейді, — деді Бауыржан Жұмақасов.

Қазіргі кезде 40-қа жуық ұйым (қаржы саласы мен IT-нарық өкілдері) осы API қызметтеріне қол жеткізген, ал олар жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерімен байланысын жақсарту үшін API деректеріне негізделген жаңа қызметтерді ұсынады.

Осы қызмет түрлеріне қатысты сауалдар бойынша 8 707 702 20 30, 8 771 101 99 85, 8 (7172) 75 02 31 нөмірлеріне және [email protected] электрон мекенжайына хабарласуға болады.