Жаңа жылда неге мән беру керек?
2020 жылды нумерология ілімі бойынша қарасақ, 2 + 0 + 2 + 0 = 4 болып шығады. Бұл жылдың басты саны — «4». Нумерологияда «4» саны үміт, шыдам, беріктік, қайрат, іскерлік және тұрақтылық қасиеттерімен сипатталады. Нумеролог Ильмира Ысқақова бұл жылы аса ірі жаһандық өзгеріс те, экономикалық құлдырау да, қарыштап даму да болмайтынын айтты. Тышқан жылында адамдармен қарым-қатынасты жақсартып алуға болады. Нумеролог 2020 жылды қалай өткізуге қатысты кеңес берді.
Карьера. Бұл салада өзіңіздің қай кәсіпке бейім екеніңізді пысықтап отырудың қажеті шамалы, жұмыс орныңызды аяқасты ауыстыруды ойламағаныңыз абзал. Жылды қазіргі қызметіңізге орнығуға арнаңыз. 2020 жыл карьераның біртіндеп өсуіне, адамның тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Жыл бәрінен бұрын тәжірибелі кәсіпкерлерге пайдалы болмақ. «4» саны оларға мақсатқа жүйелі әрі табанды түрде жетуге көмектеседі.
Қаржы. 2020 жылға арналған нумерология жұлдызнамасы қаржыға байланысты эксперимент жасамауға кеңес береді. Кіріс бірқалыпты болғаны дұрыс.
⠀
Денсаулық. Салауатты өмір салтын қазіргідей ұстанып жүре беріңіз. Бірақ өзіңізді қалай сезінетініңізге көбірек мән беріп, көп таралған аурулардың алдын алуға тырысыңыз.
Жеке өмір. Бұл жыл драма мен романтикаға арналмаған. 2019 жыл «3» санының ықпалымен өткендіктен өзгеріс пен мазасыздыққа толы болды. Мұндай кезеңнен кейін бірқалыпты мезгіл басталады. Тышқан жылында басталған жеке өмірдегі қарым-қатынас жылдам дамығанымен ғашықтардың өзі күтпегендей бірқалыпты күйге түседі. Осындай қарым-қатынастан соң ғашықтардың көбі некелесуі де мүмкін. 2020 жылы романтикалық қарым-қатынасты үзбеген абзал. Оның үстіне, «4» саны айырылысуға жеткізе бермейді. Десе де, жұптар ажырасса, жалғыздыққа көнуге туралы келеді.
2020 жылы қаржыны қалай жоспарлау керек?
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржы нарығы сарапшыларының 2020 жылға арналған болжамын жариялады. Сауалнамаға қатысқан қаржы нарығының кәсіби қатысушылары қаңтарда теңгенің біраз әлсірейтінін болжап отыр. Бірақ қаңтар-сәуір айларында 1 доллар қалыпты 387,9 теңге болуы мүмкін екенін айтты (қазіргі курс бойынша 1 доллар 381,56 теңге тұрады).
Сарапшылар мұнай бағасына да тоқталған. 2020 жылдың қаңтарында мұнайдың баррелі 62,6 долларға дейін (қазіргі бағасы 64,2) түсетіні болжанған. Сонымен бірге 1 доллар 63,80 рубль болуы мүмкін (қазіргі курс — 62,16 рубль).
Ал 2020 жылдың кіріс-шығынын қалай жоспарлау керек? Жеке қаржыгер Күнекей Нұрлан келер жылы жеке қаражатты қалай басқару керек екенін айтты. Бұл кеңесті жазып алыңыз немесе Excell-ді ашып бірден есептегеніңіз жөн.
Кіріс:
- 2020 жылға жоспарлаған әдеттегі кірісті жазыңыз. 2019 жылғы кірісіңіз бірқалыпты болса, жалақыны немесе қосымша кірісті арттыратын уақыт келді.
- Енді келер жылы әр ай сайын қанша теңге табу керек екенін жоспарлаңыз. Қай уақытта жалақыны немесе қосымша табысты арттыруды мақсат ететініңізді шешіп алыңыз.
- Кем дегенде екі қосымша қаржы көзін ойластырыңыз.
Шығын:
- 2020 жылы сізді күтіп тұрған ең үлкен шығынды жазыңыз. Мысалы, шілдеде қызыңыздың құдалығына 3 миллион теңге жұмсайсыз. Мұны тышқан жылындағы шығынның «көкесі» деп белгілейсіз.
- Ай сайын несие мен қарызға беретін ақшаны жазып қойыңыз.
- Күнделікті жүріп-тұруға, ішіп-жемге кететін ақшаны есептеп алыңыз. Ай сайынғы орташа шығынның көлемін анық біліп отыруыңыз керек.
Ақша қорын жоспарлау:
- Депозит жинағы — бұл қызыңыздың құдалығына кететін ақшаны 2020 жылдың қаңтарынан бастап жинайтын жинақ. Сізге 1 жылдың қорын жазып қою керек.
- Резерв капитал. Ай сайынғы кез келген кірістің 10%-ін сақтап қойыңыз.
Бұл есепті Excell-мен есептесеңіз, шығын мен кірісті, жинақтарды қосып шығыңыз. Сонда 2020 жылдың қаржы жоспарын аласыз. Қаржыны жоспарлау — қарызға кіріп кетпеудің кепілі.
Тышқан жылы туғандарға 2020 жыл не береді?
2020 жыл — алтын тышқан жылы. Тышқан жылы туғандар өте ақылды, тапқыр және жан-жақты болады. Бұл жылдың тумалары іске жылдам реакция беруімен, оқиғаны бақылай алуымен және бай фантазиясымен ерекшеленеді. Оларға мұндай қасиеттерін пайдаланып, келіп тұрған мүмкіндікті қалт жібермеу керек.
Астролог Дәрігүл Жәкенованың айтуынша, тышқан жылы туған адамдар әр нәрсеге қызыққыш, олар жаңа нәрсені көріп-білуге асығып тұрады, таңсық дүниені оңай игеріп кету олардың қолынан келеді.
Тышқан жылғыларды көшбасшылардан гөрі орындаушылар санатына жатқызуға болады. Соңынан адам ертіп, көш бастауға оларға көбіне батылдық пен ауқымды ойлау қабілеті жетпей жатады. Көбіне олар қазымыр келеді. Мақсатына жету жолындағы жоспарына берік. Алтын тышқан жылында туғандарды ақылды әрі өзін-өзі танудың биігіне жете алатын, бірақ қызғаншақ әрі тез ашуланшақ жандар деуге болады. Тышқан жылы туған әйел адамдар үй шаруасына пысық келеді, — деді Дәрігүл Жәкенова.
Тышқан жылғыларға лайық мамандықтар мен кәсіп түрлері: әкімші, директор, кәсіпкер, тележүргізуші, жазушы, музыкант, комик, саясаткер, заңгер, ғылыми қызметкер және жарыс автомобилінің жүргізушісі.
Астролог оқырманға 2020 жылы тышқан жылғылардың өмірінде қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін айтты:
Карьера. Тышқан жылғылардың жолы болайын деп тұр. Ісі өрге басып, тиімді бастамаларға жол ашылуы мүмкін. Ақылы мен аңғарымпаздығы жұмысының жемісті болуына көмектеседі. Бірақ жылдың екінші жартысында туғандарға жетістікке жету үшін көбірек еңбек етуге тура келеді.
Қаржы. Карьерадағы жетістік жақсы табыс әкеледі, тіпті кірісті бұрынғыдан екі еселеп алуға болады. Қымбат заттар мен саяхатқа көп ақша құртпағаны дұрыс. Олар осы шақты ғана ойлап өмір сүруі керек, отбасы мүшелеріне, жарына көбірек көңіл бөлгені жөн.
Денсаулық. 2020 жылы тышқан жылы туғандар денсаулығына назар аударғаны дұрыс, артық жұмыс істеп, қажымауы керек. Карьера жасау жақсы болғанымен уақтылы демалуды да естен шығармау керек. Күн режимі мен тамақ ішу уақытына мұқият болғаны жөн.
Қарым-қатынас. Тышқан жылғылардың сүйіктісімен қарым-қатынасында қиындық тууы мүмкін. Алайда олардың туабітті оптимизмі бұл сынақтан жақсы сабақ алып өтуіне көмектеседі. Бұл жылғылар жақын дос-жаранмен кездесіп, жаңа адамдармен танысуға асығуы керек.
Жаңа жылдың түсі — классикалық көк түс
Pantone түс институты 2020 жылдың түсін көк түс деп белгіледі. Институттың атқарушы директоры Леатрис Айзман бұл түстің «шекарадан шығуды білдіретін» түс екенін айтқан.
Классикалық көк түс — шеті жоқ кешкі аспанның шексіз көгілдір бейнесі. Ол бізді сызып қойған шекарадан ары ойлап, ұзаққа көз тастауға шақырады. Ол тереңірек ой толғауға, перспектива мен қарым-қатынасты кеңейтуге үндейді, — деді Леатрис Айзман.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)