Біз комбинатқа 09.00-де келгенде мұнда өндіріс қызып жатты. Бір сағат бұрын қызметкерлердің келесі ауысымы жұмысқа кіріскен. Комбинат жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бізді жаңа технологиялар бөлімінің инженер-технологы Мәдина Мұратқанова қарсы алып, комбинаттың барлық цехін, сол сәтте атқарылып жатқан жұмысты таныстырып, жанымызда жүрді.

Мадина Мұратқанова
Мәдина Мұратқанова. Фото: Айгүл Хожантаева

Мәдина 2 жыл бұрын Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын бірден осы «Ақсай» комбинатында тәжірибе жинаудан бастап, кейін бірінші ауысымдағы инженер-технолог, жаңа технологиялар бөлімінің инженер-технологы дәрежесіне дейін көтерілген.

«Ақсай» нан-тоқаш комбинаты өз өнімімен 30 жылдан астам уақыттан бері Алматы нарығының 80%-ін қамтамасыз етіп келеді. Өндіріс орны күнде 150 тоннадан астам өнім шығарады.

Нан пісіру процесі өндіріс-технология зертханасынан басталады. Онда шикізат, яғни дән мен ұнның мөлшері мен сапасы тексеріледі.

Батон дайындау процесі

Батон наны — комбинаттың ең танымал әрі өтімді өнімі. Біз қамырды бөлшектерге бөлу процесін бақыладық. Бұған дейін дозатор (мөлшерлеуіш) бірінші сортты ұн мен ашытқыны жеке-жеке айналдырып, қамыр дайындайды.

батон нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Бұл өндірісте адам мен техниканың күші бірдей жұмсалады. Себебі адам бақыламай қалса, процесс кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін. Әр желіде мамандар шикі өнімнің салмағын өлшеп, ылғалын, қышқылын, көлемін тексеріп отырады. Қамыр бөлшектерге кесілгеннен кейін арнайы қалыпқа салынып, осындай пішін алады (төмендегі сурет).

нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Қамыр осы қалыпта тұрып, алдын ала және соңғы толықсыту процесінде бір сағаттан аса уақыт тындырылады.

Ақсай нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Қалыпта датчик орнатылған. Ол бөлшектелген қамыр саны мен соңында пісіп шыққан батон санын есептеп тұрады. Арнайы машина тындырылған қамырды бізге таныс көлем мен пішінге келтіреді.

нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Одан шыққан шикі батонды өндіріс пышағы төмендегі суреттегідей кесіп береді.

нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Осы жерден батон пешке жіберіледі. Комбинат күніне осындай циклмен жалпы салмағы 16-18 тонна батон пісіреді.

батон
Фото: Айгүл Хожантаева

Піскен батон жылжыту аппараты арқылы төменге түсіріліп, дайын өнімдер қоймасына жіберіледі.

нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Ойық тоқаш дайындау процесі

Бұл цехта күніне 5-6 тоннадан астам ойық тоқаш дайындалады. Оны пісіретін 3 желі бар. Төмендегі суреттерден ойық тоқашқа пішін беру процесін көруге болады. Арнайы машинаға қамыр салынады. Ол жоғары қысым арқылы ішіндегі темірлерге кигізіліп, шығыр пішінге ие болады.

ойық тоқаш
Фото: Айгүл Хожантаева

Пішін беретін машинаға дейін қамыр ұн мен ашытқы дозаторынан шығады. Пішін беру процесін технолог қадағалайды. Ол ажыратылған, бірігіп кеткен немесе пішіні бұзылғаны болса, ретке келтіріп тұрады.

ойық тоқаш
Фото: Айгүл Хожантаева

Тасымалдаушы таспамен қозғалған ойық тоқашқа бу беріліп, қалыпты көлемге келтіріледі, беті жылтыратылады. Ал көкнәрмен, тұзбен немесе қантпен әрленетін ойық тоқашқа машина арқылы қажет қоспасы жағылады. Әрі қарай сол таспамен пешке кіреді. Бұл — 2-2,5 сағатқа созылатын процесс.

ойық тоқаш
Фото: Айгүл Хожантаева

Пісіп шыққан ойық тоқаш 45-50 минуттай суытылады. Суыған тоқаш бункерлерге салынады.

ойық тоқаш
Фото: Айгүл Хожантаева

Signal-pack машинасы тоқашты 400 грамдап бөліп, қаптамаға буып-түйеді, қорапқа салады. Бұл жерде мамандар өнімнің салмағын бақылап отырады.

нанды қаптау
Фото: Айгүл Хожантаева

Ойық тоқаштың ең көп сұранысқа ие және танымал түрлері — «Сдобные с маком» және «В сахарной глазури».

"Сдобные с маком" ойық тоқаштары
Фото: Айгүл Хожантаева

Дайын өнім комбинаттағы төрт қоймаға жіберіліп, сол жерде қалаға таратылады.

Комбинаттың ең көп өндіретін өнімі — әлеуметтік нан. Оны «кірпіш нан» деп те атайды. Суретте: дозаторда бірінші сортты ұнның қамыры дайындалып жатыр. Ол ашытылғаннан кейін қамыр құбыр арқылы бірінші қабатқа жіберіліп, 650 грамнан бөлініп, қалыпқа салынады.

нан ашыту процесі
Фото: Айгүл Хожантаева

Қалыпқа түскеннен кейін оның биіктігі, көлемі қадағаланып, пешке салынады. Сөйтіп «А» таңбасы бар нан сол күні дүкен сөрелеріне жеткізіледі.

кірпіш нан
Фото: Айгүл Хожантаева
кірпіш нан
Фото: Айгүл Хожантаева

Төмендегі суретте жаңа піскен батондар. Олар мұнда ұзақ уақыт тұрмайды. Себебі нан өнімдері тәулік бойы, үздіксіз тасымалданады.

нан қоймасы
Фото: Айгүл Хожантаева

Оларды қызметкерлер санап, қорапқа жинап, көлікке салуға дайындап береді.

Ақсай нан
Фото: Айгүл Хожантаева
нан өнімі
Фото: Айгүл Хожантаева

Диспетчерлер қоймаға түскен өнімге тапсырыс қабылдап, оны жан-жаққа таратып, көліктерге тиелуін қадағалайды.

диспечер
Фото: Айгүл Хожантаева

Диспетчерлердің айтуынша, дайын өнімге күніне 4-5 мыңға дейін тапсырыс түседі. Тапсырыс тек сенбі, жексенбі күндері азаяды екен. Өйткені бұл күндері балабақша, мектеп сияқты мекемелер жұмыс істемейді.

Ақсай нан
Нанды көлікке тиеу процесі. Фото: Айгүл Хожантаева

«Ақсай» нан-тоқаш комбинатына Алматыдан ғана емес, облыстағы аудандардан, Талдықорғаннан, Тараздан және Шымкенттен де тапсырыс түседі. Өнімді өзге өңірге жеткізу үшін 1-2 күн бұрын тапсырыс берілуі керек.

Ал ұн бойынша инженер-технологтар сырттан келетін және шығатын өнімге физика-химиялық талдау жасайды.

инженер-технолог
Фото: Айгүл Хожантаева

Комбинат 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазір ондағы 8 өндірістік цех 24 сағат бойы жұмыс істейді. Оның бір сағаты ғана қызметкерлердің ауысуына кетеді.

Нұрдәулет Қалымбетов кәсіпорында 8 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашында дайын өнімді қорапқа салып, орналастырушы болып жұмысқа тұрған. Кейін наубайшы, шебер қызметін атқарған. Ал қазір ауысым басшысы. Оның қызметі — ауысым сайын барлық 8 цехті қадағалау, жұмысшылардың жұмыс кестесін ойластыру, өнімнің сапасын бақылау.

Нұрдәулет Қалымбетов
Нұрдәулет Қалымбетов. Фото: Айгүл Хожантаева

Біз киелі жерде жұмыс істейміз. Қызметіміз сонысымен қызық. Біздің жұмыста майда-шүйде нәрсе жоқ. Өндірістің әр бөлігі өте маңызды. Сондықтан ұқыпты болуымыз керек, — дейді Нұрдәулет Қалымбетов.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!