Демалыс және мереке күндері ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары 14-17 желтоқсан күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Мамандардың болжамы бойынша республикамыздың солтүстік облыстарында жауын-шашын мен температураның төмендеуіне себеп болған Арктиканың суық фронты оңтүстік, орталық және шығыс облыстары арқылы Алтайға жылжиды. Оның артынан антициклонның ығысуымен бірге Қазақстанның қалған аймақтарында да температура төмендейді. Бірақ ол да ұзаққа бармайды.

Дүйсенбі — 16 желтоқсанда Ресейдің Еуропа бөлігінен республиканың батысына кезекті атмосфера фронттары жылжи бастайды да, жауын-шашынға және ауа температурасының жоғарылауына себеп болады. Республиканың көп облысында тұман сейілмейді және көктайғақ болады, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.