— Кинофестивальдерде жиі қазылық етесіз бе? «Бастаудың» дебютанттарын қалай бағалайсыз?
— Көп білуге қызығатын адаммын. Мені мұнда шақырған кезде өмірде басымнан көп нәрсе өткенімен кинофестивальдерде дебютанттардың жұмысын бағалап көрмегенімді ойладым. Маған аз уақытта көп фильм көру қатты қызық болды. Фильмдер студенттердікі болса, тіпті керемет. Оның үстіне, мұнда жеке тұлғаның қалыптасар шағына куә боласың, бақылайсың. Ісіне қарап, қабілетін, болашақ маман екенін танисың.
«Бастау» фестиваліне шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Фестивальде қазы болу дебютінің жауапкершілігін сезініп тұрмын, шындап кірістім. Себебі осы жерден көп нәрсені үйреніп кеткім келеді. Бәріне мұқият қарап, құлақ түріп тыңдаймын.
Қазір студенттердің еңбегі туралы ештеңе айтпаймын. Әлі жартысын көріп болмадық. Бірақ бір фильмнің оқиғасы мені қатты ашуландырды. Неге ашуланғанымды ойлап, таңға дейін ұйықтамадым.
— Студенттермен жұмыс істеп көрдіңіз бе?
— Кинодағы жолым студенттің фильмінен басталған. Режиссер Анна Меликянның қысқаметражды «Полетели» деген фильміне түскенмін. Бірақ оқытушымыз студенттердің жұмысы түгілі, тәжірибелі режиссерлардың фильміне түсуге рұқсат бермейтін. «Әуелі мамандықты жақсы игеріп, тәжірибе жинаңдар, содан кейін ғана режиссерға баруға болады» дейтін. Оның бұл ойымен келісемін. Бірақ Анна Меликян көндірді. Мен болсам, «Бұл туралы ешкім білмеуі керек» деген шарт қойдым. Оқытушыға айтпай, студенттің жұмысына түстім. Өмірде бәрі біз ойлағандай болмайды. Керісінше, сол картина әлемді аралап, түрлі жүлдеге ие болды.
— «Не родись красивой» сериалы төлқұжатыңыздай болып кетті. Сол туралы және қазіргі телесериалдар туралы не айтасыз?
— Сол жылдары бірнеше танымал сериал болғанымен актерлардың арасында олардың сапасыздығы туралы әңгіме айтылып жүрді. Бірақ жұмыс істеп, ақша табудан ешкім қашқан жоқ. «Не родись красивой» сол кездегі сериалдардың тәуірі шығар. Содан бастап жақсы жобалар көбейді. Қазір бізде «Мына сериалға түсу керек пе?» деген күмән болмайды.
«Не родись красивой» 200 серияға созылған. 11 ай ешқандай демалыссыз, мейрамсыз жұмыс істедік. Бірнеше түсіру тобы қатар жұмыс істеді: бір жақта мен, басқа локацияда келесі топ киноға түсіп жатты. Күнде-күнде ұзақ текст жаттайтынмын. Оның үстіне профессионал актерлармен бір алаңда тығыз жұмыс істедім. Қандай күшті тәжірибе жинағанымды ойлай беріңіз. Басқа еш жерден мұндай мектепті көрмес пе едім?! Тәжірибе жинағаныммен қоймай, сол үшін ақша алдым. Егер осы жобаны қайта ұсынса, бас тартпас едім. Өте қызық жұмыс болды. Осындай жобада жұмыс істегеніме қуаныштымын.
— Болашақта қандай рольде ойнағыңыз келеді?
— Рольді ешқандай текссіз ойнап шыққым келеді. Сондай бір ролім болғанын қатты қалаймын. Кейде көп сөз бүкіл оқиғаның мәнін кетіреді. Бірақ бұл дыбыссыз фильмге түскім келеді дегенім емес. Барлық кейіпкер сөйлейді, тек мен сөз сөйлемей ойнап шығамын. Фильмнің жанрына келсек, таңдамаймын, әрқайсы өзінше қызық.
— Актерға театрда басқаша, фильмде өз ережесіне сай ойнауға тура келеді. Мұны қалай үйренуге болады?
— Театр мен кино мүлдем бөлек. Кинорежиссерлар театр актерларын жақсы көрмейді. «Тым беріліп, кірісіп кетесіңдер. Мұның бәрі артық, камерада ол нашар көрінеді» дейді. Ал театрда фильмдегідей қимылсыз, эмоциясыз ойнасаң, көрінбей қаласың. Ролің ашылып, көрерменге жетуі үшін сахнада айқайлап сөйлейсің, түрлі қимыл жасайсың. Сахнадағы серіктестеріңмен ойнап тұрып, көрерменге мәтінді айтып қалуың керек. Осыған қарамастан талай театр актеры фильмдерде шебер ойнап жүр. Әрқайсын өзіне тән етіп ойнап шығуға тек тәжірибе көмектеседі. Сонымен қатар режиссерға сену керек. Мықты режиссер актер қалай ойнап тұрғанын жақсы біледі, не артық, не жетпейтінін айтып, көмектеседі.
— Болашақ актерларға кеңесіңіз?
— Кез келген адам «Мынаны істей аласың ба?» деп сұрап жатқанда ол нені айтайын деп тұрғанын соңына дейін тыңдамай-ақ, «Иә!» деп жауап беріңдер. Бәріне дайын болу актерға ең қажет нәрсе деп ойлаймын. Бәріміз қорқамыз, күмәнданамыз. Бірақ «Иә, істей аламын» деп айтып қойған соң істемеске шараң жоқ. Екіншіден, актер байқағыш болғаны жақсы. Смартфон мен әлеуметтік желінің пайдасы бар. Бірақ оның сыртында тірі адам, өмір бар. Өмірдегі тірі нәрсенің бәріне жақсылап үңіліп, байқап, зерттеп жүріңдер.