Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында мерейтойлық гастролін өткізді.

Абай атындағы ҚМАОБТ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтары итальян композиторлары — Пьетро Масканьидің «Ауыл абыройы», Руджеро Леонкаваллоның «Сайқымазақтар», Джоаккино Россинидің «Күлбике» опералары мен Ресей балетмейстері Борис Эйфманның «Анна Каренина» және Австрия композиторы Людвиг Минкустың музыкасына жазылған Александр Горскийдің «Дон Кихот» балетін тамашалады.

Абай атындағы ҚМАОБТ, опера және балет
Абай атындағы ҚМАОБТ баспасөз қызметі

Абай атындағы театрдың мерейтойлық гастролінің барлық қойылымы астана тұрғындары мен қонақтарына алғаш рет ұсынылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Спектакльдер аншлагпен өтті, — деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

«Ауыл абыройы» операсы 1890 жылы Римде жазылған. Опера туынды авторына әлемдік даңқ сыйлады. Оның итальян тіліндегі атауы — Cavalleria rusticana. Спектакльде қатыгездікке толы мазақ көрсетіледі, көрермен операны тыңдай отырып, кейіпкерлердің абыройсыз әрекеттерін байқайды. Пьетро Масканьи жазушы Джованни Вергидің түпнұсқасымен жұмыс істей отырып, музыкалық материалда кейіпкерлердің мінезін жұмсартқан.

Абай атындағы ҚМАОБТ, опера және балет
Абай атындағы ҚМАОБТ баспасөз қызметі

«Ауыл абыройы» және «Сайқымазақтар» бір бөлімді опералары Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында 2018 жылдың желтоқсан айында тұңғыш рет қойылды. Спектакльдерді қою үшін Италиядан шығармашылық топ шақырылды: қоюшы-режиссеры Лоренцо Мариани, сценографы, костюмдер бойынша суретшісі Вильям Орланди, жарық бойынша суретшісі Роберто Вентури және хореографы Лучиано Каннит болды. Музыкалық жетекшісі — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев.

«Сайқымазақтар» операсының мазмұны композитордың бала кезінен есіне сақтап қалған шынайы оқиғаға негізделген. Руджеро Леонкаваллоның музыкасы сол замандарда шынайы өмірден баз кешіп, жосықсыз рольдерді ойнайтын кезбе комедианттардың әлемін айқын сипаттайтын шығарма деп есептеледі.

«Дон Кихот» балеті — Мариус Петипаның үздік хореографиялық шығармаларының бірі. Испания қалаларындағы саяхаты оның өмірінде жарқын із қалдырып қана қоймай, тамаша балет туғызуға да септігін тигізді.

Абай атындағы ҚМАОБТ баспасөз қызметі

Дон Кихот туралы әйгілі шығарманың авторы Мигель де Сервантес испан билері туралы: «Бақыттың өзі зыр жүгіріп, Қуаныштың өзі шапқылап жүргендей болса керек…» деп жазған. Мариус Петипа Сервантестің сөзін үлгі етіп, балет өнерінің классикасына айналған, жарқын да көңілді спектакльді сахналады.

Людвиг Минкус балетінің әлемдік премьерасы 1869 жылы 14 желтоқсанда Мәскеудегі Үлкен театрда өтті. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет алғаш 1954 жылы қойылды. Қоюшы-балетмейстері — Юрий Ковалев, тұңғыш орындаушылары Сара Көшербаева мен Зауырбек Райбаев болды.

Жаңа қойылымның премьерасы 2018 жылдың қазан айында өтті. Балетмейстері Қазақстанның халық артисі Гүлжан Түткібаева, суретшісі Ресей халық суретшісі Вячеслав Окунев болды.

Екі ғасыр бұрын, Рождество күндерінде римдік «Валле» театрының тапсырысы бойынша Джоаккино Россинидің «Күлбике» атты ең үздік операларының бірі 24 күн ішінде жазылды. Толық атауы — «Күлбике немесе адамгершілік жеңісі».

Абай атындағы ҚМАОБТ, опера және балет
Абай атындағы ҚМАОБТ баспасөз қызметі

Операның премьерасы Римде 1817 жылдың 25 қаңтарында болды. Содан бері «Күлбике» — ұлы композитордың ең әйгілі операларының бірі. Шарль Перроның атақты ертегіcінің сюжетіне Джоаккино Россини мен либреттист Якопо Ферретти жаңа кейіпкерлер, күтпеген оқиғалар, икемді әзіл-сықақ пен тосын сыйларды енгізіп, комедиялық операға айналдырды. Алғашқы ноталарынан-ақ опера ерекше тапқырлығымен және көңілді сәттерімен баурап алады. Россини опера кейіпкерлерін күлкілі жағдайларға тап қылып, адамзаттың әлсіз тұстарын мазаққа айналдырады.

200 жылдан бері «Күлбике» әлемнің үздік опера театрларының сәніне айналған. 2017 жылдың желтоқсанында, Россини жауһарының 200 жылдық мерейтойында бұл опера Қазақстанда алғаш рет Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында ұсынылды. Музыкалық жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев, қоюшы-режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина, қоюшы-суретшісі Ресей халық суретшісі Вячеслав Окунев болды.

Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған Борис Эйфманның «Анна Каренина» атты спектакліндегі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚМАОБТ примасы Сәуле Рахмедованың бенефисі көрермендерге сый болды.

2005 жылы Санкт-Петербург театрының сахнасында алғаш рет Борис Эйфманның «Анна Каренина» балеті жарық көрді. Балеттің музыкалық материалдары ұлы орыс композиторы Петр Чайковскийдің түрлі шығармасының фрагменттерінен құрастырылған. Борис Эйфман «Гамлет», «Ромео мен Джульетта» увертюра-фантазияларының, «Франческа да Римини», «Дауыл» симфониялық фантазияларының  алтыншы және екінші симфонияларынан үзінділер қосқан. Спектакль ішкі психологиялық энергияға толы.

Алғашқы премьерасынан алты жыл өткен соң, 2011 жылы «Анна Каренина» балеті автордың тарапынан сахнасында қойылды. Қоюшы-суретшісі Вячеслав Окунев болды. Анна Каренина партиясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахмедова орындады.

Гастрольдер «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілді.