Қазақстанның әуе компаниялары ішкі бағыт бойынша ұшақ билетін арзандатты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының әуе тасымалының бағасын төмендетуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында отандық әуе компаниялары ішкі бағыттар бойынша ұшақ билетінің құнын орта есеппен 12% төмендетті, — деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда қызметі арзан алғашқы әуе компаниясының жұмыс істей бастауы әуе тасымалы нарығына елеулі әсер етті. Ол ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттырғандықтан әуе билетінің тарифі біршама төмендеді.
Fly Arystan әуе компаниясының нарыққа шығуына байланысты еліміздің әуежайларында жолаушылар ағынының өсімі байқалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан әуежайында жолаушылар саны 48% артса, Алматыда 45%, Семейде 1013%, Таразда 734%, Павлодарда 117%, Қарағандыда 90%, Шымкентте 57 %, Оралда 54% көбейген, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуе отыны бағасын арзандату бағытында да жұмыс істеп жатыр. Министрдің орынбасары Берік Камалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әуе отынын арзандату тапсырмасын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Ақтау әуежайлары мен Air China Limited, China Southern Airlines, Turkish Airlines, «Атласглобал», «Аэрофлот», Fly Dubai, Uzbekistan Airways, Pegasus, Etihad Airways, Siberia Airlines, Ural Airlines және «Белавиа» сияқты шетел әуе компанияларының өкілдерімен талқылаған.
Осы кездесудің нәтижесінде мемлекет меншігіндегі әуежайларға отын құнын орташа нарықтық деңгейге дейін төмендету және оны шетел әуе компанияларымен арада жасалған шарттардың шешіміне сәйкес келтіру тапсырылды.
Әуе тасымалы құнында ең үлкен үлес салмақ осы әуе отынына тиесілі және ол көрсеткіш 30%-ке дейін жетеді. Әуе отыны мен ұшақ билеті құнын төмендету мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында болады және бұл бағытта жұмыс жүйелі негізде жүргізіледі, — делінген ведомствоның хабарламасында.