Авиабилет қалай арзандайды?

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты.

Жолдаудың басты мәселесінің бірі авиабилеттің қолжетімділігі туралы болды. Билет бағасының қымбат болу себебі — ұшақтың жетіспеуі. Сұраныс жоғары, ал ұшақ аз, — деді Жеңіс Қасымбек.

Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірге Air Astana мен Qazaq Air авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыс нәтижесінде ұшақ паркі ұлғаяды. Премьер-министрдің орынбасары Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталғандықтан авиациялық жанармай бағасын арзандату жұмысы да жалғасатынын айтты.

Биыл мамырда отандық  Fly Arystan авиакомпаниясы іске қосылды. Қазір авикомапанияда 14 рейс бар. Жыл соңына дейін рейс санын 28-ге жеткізу жоспарланып отыр, — деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен бірге пойыз билеттерінің жетіспеушілігі мен заңсыз делдалдықты болдырмау үшін билет сату цифрландырылып жатыр. Сату тәртібін реттейтін норма енгізіліп, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау жүйесін жетілдіру жоспары жасалды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында авиабилет бағасының қымбат екенін айтты. Соның салдарынан елдің транзиттік әлеуеті төмендеп, бәсеке жоғалады. Теміржол билетінің қолдан жасалған жетіспеушілігі де бар. Президент осы мәселелерді шешуге тапсырма берді.

ДереккөзZakon.kz