Пейрони қандай ауру? Медицина оны қалай түсіндіреді?

Пейрони ауруы — жыныс мүшесінің қисаюымен сипатталатын ауру. Бұл ауру француз хирургы Франсуа Пейронидің атымен аталған. Ол ауруды 1743 жылы алғаш рет сипаттап берді. Пейрони ауруымен көбіне 30-дан 60-65 жасқа дейінгі ерлер зардап шегеді. Бірақ қазір бұл ауруды жасөспірімдерден де байқауға болады. Осы диагнозбен менің қабылдауыма келген ең жас пациент 18-де.

Уролог-андролог, сексолог Мәлік Сафарғалиев
Уролог-андролог, сексолог Мәлік Сафарғалиев. Фото: On Сlinic медицина орталығының PR қызметі

Ауру неден пайда болады?

Пейрони ауруының пайда болу себебі медицинада әлі толық зерттелмеген. Бұл ауру көбіне жыныс мүшесі терісінің астында тыртықты тіннің қалыптасуы салдарынан пайда болады. Тыртықты тіннің пайда болу себебі де белгісіз. Кейбір ерлерде ол жыныс мүшесінің жарақатынан кейін ұлғая бастайды. Тыртықты тін терінің астынан жоталанып немесе шағын төмпешік боп шығып тұрады. Алғашқы бірнеше жылда ол қарқынды ұлғайып, жыныс мүшесінің қисаюына әсер етеді. Қисаю эрекция кезінде байқалады. Бірнеше жылдан кейін тыртықты тіннің өсуі тоқтайды, бірақ жойылмайды. Сонымен бірге Пейрони ауруы ер адамның геніне және өмір салтының өзгеруіне де байланысты болуы мүмкін.

Пейронидің ағзаға зияны бар ма?

Пейронидің ағзаға ешқандай жаман әсері жоқ. Бірақ бұл «ауруды елемей, жүре беру керек» деген сөз емес. Өйткені жыныс мүшесінің қисаюы ер адамның психикасына қатты әсер етуі мүмкін. Ер адам жыныстық қатынасқа түскенде ешқандай ләззат алмайды. Өйткені жыныс мүшесі үнемі ауырсынуды сезеді. Сол себепті олар жыныстық қатынасқа түскісі келмейді.

Қандай ем қолданылады?

Пейрони ауруын, басқа да жыныс ауруларын болдырмау мен емдеудің қарапайым әдісі бар. Ол — дәрігерге уақытында қаралу. Қазіргі нұсқау бойынша ерлер жарты жылда немесе жылына бір рет урологқа, андрологқа тексеріліп тұруы керек. Өйткені көп аурудың белгісі алғашқы кезде байқалмауы мүмкін. Уролог немесе андролог қолмен ұстап көру арқылы Пейрони ауруын бірден байқай алады. Сосын ультрадыбыстық зерттеу, магнит-резонанс томографиясы арқылы да анықтауға болады.

Уролог-андролог, сексолог Мәлік Сафарғалиев
Уролог-андролог, сексолог Мәлік Сафарғалиев. Фото: On Сlinic медицина орталығының PR қызметі

Пейрони ауруын емдеудің көп тәсілі бар. Егер тыртықтың тығыздығы көп болмаса, өздігінен кетуі мүмкін. Көп жағдайда консерватив емнен бастаймыз. Пациентке Е витамині, гормондар, ферментатив препараттар беріледі. Сонымен бірге физиоем қолданылады. Қолданылған әдістер пациентке әсер етпесе, онда оған операция жасауға тура келеді. Ол кезде жыныс мүшесіндегі тыртықтарды кесіп, алып тастау керек. Сонда ғана жыныс мүшесі қалпына келуі мүмкін. Бұл операцияны Қазақстанда жасауға болады. Бағасына келетін болсақ, операцияның құны медицина мекемесіне байланысты. Өйткені тек операциямен шектелмей, қосымша ем-дом жасалады. Пациент операциядан кейін де бірнеше күн ауруханада жатып, ем алады. Медицина мекемелері осының бәрін ескеріп, әртүрлі баға белгілеуі мүмкін.