Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі өзгерді. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді.

Заңда көзделген басты жаңалық — енді мемлекет азаматтың өтініш беруін күтпей-ақ, қызметті өзі ұсынады. Мысалы, өмірге нәресте келгенде оның туғанын есепке алу, бала туу бойынша берілетін жәрдемақының екі түрін тағайындау, тұрғылықты мекенжайға тіркеу және балабақша кезегіне қою бір мезетте ұсынылады. Бұл қызмет бүгінде 120 мың анаға көрсетілді.

Тағы бір жаңалық — «бір терезе» қағидасынан «бір өтініш» қағидасына көшу. Бұдан былай бірнеше ілеспе қызмет кешенді түрде ұсынылады және ол үшін азаматқа тек бір рет өтініш беру жеткілікті. Мысалы, мүгедектігі бар балалардың ата-анасы оларды дәрігерлік тексеруден өткізу, оқыту және оңалту бойынша алты түрлі қызметті ала алады. Ол үшін алты бума құжатты бір-ақ тапсыру қажет. Мемлекеттік қызметтің 55 түрі осылай 21 қызметке біріктіріліп отыр.

Сонымен бірге енді көше мен елді мекен атауы өзгерген жағдайда деректер базасындағы мекенжай атауы да әп-сәтте ауысады. Бұл жағдайда азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті елдің кез келген аймағынан алуға болады.

Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жалақысы 1 қаңтардан бастап 30% көбейеді, — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіндегі өзгерістің нәтижесінде:

  • 124 мемлекеттік қызмет оңтайланады;
  • қызмет көрсету мерзімі 178 күнге қысқарады (орта есеппен әрқайсы 9 күнге);
  • талап етілетін құжаттар саны 90-нан астамға азаяды;
  • 82 мемлекеттік қызмет түрі проактив немесе композит қызметке (біріктірілген) айналады.