Айтқазы Қарабалаев Тараз әкімі болып тағайындалды

Тараз әкімі болып Айтқазы Қарабалаев тағайындалды. Бұл туралы ақпарат әкімдіктің Facebook-тағы ресми парақшасында жарияланды.

ҚР Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслиxаттың келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Айтқазы Дәулетқұлұлы Қарабалаев Тараз әкімі болып тағайындалды, — делінген хабарламада.

Айтқазы Қарабалаев 1966 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Талдықорған заң институтын экономист және заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысы Шу ауданы «Дружба» қызылша кеңшарында жұмысшы болып бастаған.

Ол Алматыда «Тигрохауд» сауда-өндірістік қауымдастығының сауда ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары, Тараз әкімі жанындағы экономика және сауда басқармасының бастығы, Тараз әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімінің жанындағы жергілікті бюджетке алымдар мен кейбір салық төлемін жинау жөніндегі агенттіктің директоры, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, Жуалы ауданының әкімі, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Жамбыл облысындағы өкілдігінің директоры, Талас ауданының әкімі, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры қызметтерін атқарған.

Еске салайық, 21 қарашада Тараз әкімі болған Қайрат Досаев қызметінен босатылған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Таразда мектеп ауласында оқушының зорлануына байланысты облыс әкіміне ескерту жасап, қала әкімін қызметінен босатуды тапсырды. Қыз баланы зорлады деген күдікпен 38 жастағы тұрғын ұсталды.