2020 жылы Алматыда бизнесті дамытуға 30 миллиард теңге бөлінеді

Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев Нұр-Сұлтанда Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыдағы жұмыс істейтін азаматтардың үштен екісі шағын және орта бизнес саласында. Қала бойынша салықтың 63%-ін солар төлеп отыр. Шағын бизнестің корпоратив табыс салығы жергілікті бюджетке берілгелі бері Алматы экономикасында шағын және бизнестің ролі артты.

Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа «Алматы Бизнес-2025» бірыңғай өңірлік бағдарламасы әзірленді. Қаланың бес ауданында Qoldaý кәсіпкерлік орталық бөлімшелері құрылды. Мұнда бизнесмендер «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтің 525 түрін ала алады. Бұл көрсетілетін қызмет мерзімін қысқартып, қолжетімділігін арттырады, — деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қаржы ресурстарын бизнестің еркін пайдалануына жол ашу үшін «Алматы» ӘКК базасында биыл жалпы капиталы 3 миллиард теңге болған AlmatyFinance компаниясы мен Almaty микроқаржы ұйымы құрылды.

Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнестің 554 жобасы қаржыландырылды, 4,4 миллиард теңге көлемінде субсидия төленді.

Жалпы, шағын және орта бизнес қаржылық қолдаудың жалпы көлемін биыл 4,5 миллиард теңге, келесі жылдан бастап 30 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматыда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз санаты үшін оқыту курстары өткізіледі. Биыл 75 мың, келесі жылы 200 мың адам білім алады. Бүгінге дейін курстардан 2000-нан астам көпбалалы ана өтті.