Шағын және орта бизнесті қолдауға 1,5 есе көп қаражат бөлінеді

Үкімет бизнес жүргізу шарттарын түбегейлі жақсартып, кедергілерді азайтқалы отыр.

Бизнес
Фото: Business.mybuh.kz

“Бизнестің жол картасы-2025” мемлекеттік бағдарламасының жаңа жобасы әзірленді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

“Бизнестің жол картасы-2020” осы жылы аяқталады. Сондықтан бағдарламаның жаңа жобасы әзірленді. Жобада мақсаттар мен міндеттер сақталды, қолдау құралдары жетілдірілді. Олардың тиімділі мен қолжетімділігі артты. Бірінші – айналым қаражатының несиелеу көлемі 60 миллионнан 360 миллион теңгеге дейін ұлғаяды. Екінші – несиенің қолжетімділігі арттырылып жатыр. Ол үшін микроқаржы ұйымдарын субсидиялау мен кепілдендіру енгізіледі. Үшінші – кәсіпкерлерге жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді. Төртінші – кәсіпкерлерді әр сатыда сүйемелеу күшейтіледі. Бұл: оқыту, несие, қолдау алу үшін тиісті құжаттарды дайындау және тауар сату жолдарын ұйымдастыру, – деді “Бизнестің жол картасы-2025” мемлекеттік бағдарламасының жаңа жобасын таныстырған Руслан Дәленов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бағдарламаның келесі кезеңіне 421 миллиард теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бесжылдыққа қарағанда 1,5 есе ұлғайды. “Бизнестің жол картасы-2025” бағдарламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сай келеді. Жоспар бойынша жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ке, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4% жеткізу керек.

Шағын және орта бизнестің үдемелі дамуы экономиканың сапалы өзгеруіне ықпал етеді. Бұл үшін қажет шаралар қабылданып жатыр. Бизнес жүргізу шарттары түбегейлі жақсарады. Кедергілер азайтылып, рұқсат беру құжаттарының тізбесі қысқарады. Шағын және орта бизесті ынталандыру шаралары қолға алынды. Міндетіміз – іскерлік ортаны жетілдіру. Бұл экономиканың өсуіне ықпал етеді. 2025 жылы экономиканың үштен бірінен астамы шағын және орта бизнесіне тиесілі болады. Ал 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімнің жартысын құрайды, – деді министр.