«Футбол өміріме айналды»
Зейнеткер құрбыларын жинап, «Барыс» футбол командасын құрған. Олар әр жексенбі сайын сағат 10.00-де алаңға жиналып, жаттығу жасайды, футбол ойнайды.
Жексенбі күні таңертең ауа таза болады. Сондықтан жаттығуды сол уақытқа ауыстырдық. Ораза кезінде бір ай демалыс аламыз. Жас кезімізде кешке бірге ауыз ашып, алаң жанындағы кафеде шай ішіп, ойнай беретінбіз. Қазір допты бір көрмесек, ауыратын жағдайға жеттік, — дейді ол.
Зейнеткердің айтуынша, бірнәрсені шын қалайтын болсаң, онымен айналысуға ешкім кедергі бола алмайды. Футболға қызығатынын байқаған Алматы әкімдігі оларға тегін алаң берген.
Бұл алаңда оқушылар ақы беріп ойнайды. Әкімдік бізге тегін ойнауға мүмкіндік берді, бізді қолдап тұрады, — дейді Күлімхан Борықбаева.
Зейнеткердің апта бойғы көңіл-күйі де осы спортқа байланысты екен.
Мен футбол ойнауға кетсем, үйдегілер қуанады. Кешіксем, «бармайсың ба?» деп сұрап болады. Себебі ойыннан кейін менің көңілім жайланады, тәтті тағам пісіріп, бәрін мәз қыламын, — дейді зейнеткер.
«Барыс» командасында 12 ойыншы бар. Ойын кезінде әрқайсысының атқаратын қызметі де бар. Күлімхан Борықбаева — команда капитаны. Ол барлық позицияда ойнай береді екен.
Команда мүшелерінің бәрі — жақын құрбыларым. Олармен футбол ойнап қоймай, бірге қыдырамыз, бос уақытымызды бірге өткіземіз. Алматының барлық әдемі, тарихи жерін аралап бітірдік. Командада дәрігер де, кәсіпкер де, мұғалім, профессор да, журналист те бар. Өзім кезінде инженер қызметін атқардым. Қазір жеңіл өнеркәсіп саласында жеке кәсіпкерлігім де бар, — дейді ол.
«Роналду ма, Месси ме?»
Күлімхан Борықбаева футбол ойнауды ғана емес, ойынды көргенді де ұнатады екен. Ол — Португалия футболшысы Криштиану Роналдудың жанкүйері.
Адамдармен танысқанда бірден қоятын сұрағым — «Роналду ма, Месси ме?». Маған Роналдудың ойнағаны ұнайды. Оның жанкүйерлерімен тез достасып кетеміз. Мессидің де кәсібилігін сылаймын. Бірақ оған жанкүйер бола алмадым, — дейді ол.
Кейіпкеріміз жолдасымен теледидардың пультіне сериал үшін емес, футбол чемпионаттарын көру үшін таласады екен.
Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» футбол клубына жанкүйермін. Соңғы кезде оларға сәті түспей жүр. Онда қазақтың, өз еліміздің балалары ойнайтыны ұнайды. Бұрын «Қайратқа» жанкүйер едім. Қазір онда шетелдік ойыншы көбейіп кетті. Бізде жақсы ойнайтын, білікті балалар көп. Соларды қолдау керек, — дейді Күлімхан апай.
«Спортпен өзім үшін айналысамын»
Күлімхан Борықбаеваның футболда ғана емес, жүзу спортынан да жетістіктері бар.
Су астында жүзуден жарысқа қатыстым, 3 сертификатым бар. Түрген жақта жастармен рафтинг жарысына қатыстым. Ол — қауіпті спорт түрі, тіпті көз алдымызда ер кісі суға кетіп қала жаздады. Бәрі «Қалай қорықпайсыз?» деп таңғалады. Менің спорттан хабарым бар, денем шыныққан, неден қорқуым керек? Сонда да қатысып, сертификат алдым, — дейді ол.
Зейнеткер доп теуіп жүргеніне жұрттан еш қысылмайтынын айтты.
Құдай кешірсін, енді біреулер «Жасы келгенде, секеңдеп жүр. Тып-тыныш отырмай ма?» деуі мүмкін. Бәрі өзім үшін ғой. Мысалы, бізде аяқ қақсау, тізе ауыру деген жоқ. Тойда да бидің түбін түсіреміз. Еш ауру мазаламайды. Сондықтан біреудің сөзі денсаулығымнан артық емес. Жағдай болса, жүгіріп жүргенге не жетсін? — дейді Күлімхан Борықбаева.
Кейіпкеріміз Wipeout атты телевизиялық бағдарлама желісімен түсірілген «Ержүректер» жобасына қатысып, Аргентинаға барып қайтқан. Ереже бойынша қитұрқы кедергілерді бағындыру қажет. Оған Ресейден, Украинадан, Финляндиядан және Қазақстаннан адамдар қатысты. Күлімхан Борықбаева бұл спорт сайысына қалай қатысқанын да айтып берді.
Жарыс ережесі бойынша оған 60 жасқа дейінгілер қатысуы керек. Сол кезде менің 60-қа толуыма жарты жыл ғана қалған еді. Негізі онда ұлымды ертіп барғанмын. Сөйтіп ол менің де бағымды сынап көруімді қалады. Соңында қазылар алқасы мені таңдады. Сөйтіп 60-қа таяған шығымда Буэнос-Айресте Қазақстанның намысын қорғадым. Ондағы 9 кубоктың 5-еуін біз алып кеттік, — дейді ол.