Марат Тәжин жаңа қызметке тағайындалды

Тағайындау туралы жарлық Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды, — делінген Ақорданың сайтында жарияланған жарлық туралы хабарламада.

Айта кетейік, Марат Тәжин мұның алдында Мемлекеттік хатшы қызметін атқарды. Ол бұл қызметке 2019 жылдың 24 наурызында тағайындалды. 2019 жылдың 18 қыркүйегінен бастап қызметінен босатылды. Президент Мемлекеттік хатшы қызметіне Қырымбек Көшербаевты тағайындады.

Марат Тәжин 1960 жылы 8 сәуірде Ақтөбеде туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор.

Ол 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік кеңесшісі, 1999-2001 жылдары Президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі — Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды. 2001 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. 2007-2009 жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрі болды.