Бастамашыл топтың референдум туралы өтініші қабылданбады

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң мен «Саяси партиялар туралы» заңды өзгерту жөнінде референдум өткізбек болған бастамашыл топтың өтінішін қабылдамады.

Орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 22 қарашада өткен отырыста комиссия бастамашыл топты тіркеу үшін азаматтар тобы ұсынған құжаттар мен референдумға ұсынылған мәселелерді қарады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының құжаттарды қарау қорытындысы бойынша референдумның бастамашыл тобын құру туралы куәландыратын нақты деректердің болмауына байланысты «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес «Референдумның бастамашыл тобын және ол референдумға ұсынылған мәселелерді тіркеуден бас тарту туралы» қаулы қабылдады, — делінген ОСК ресми сайтында.

Еске салайық, бұған дейін бастамашыл топ өкілдері Орталық сайлау комиссиясының қарауына топты тіркеу үшін құжаттар мен референдумға ұсынатын мәселелерін енгізген еді. Олар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға пропорция жүйесімен тең мөлшерде бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізу туралы және «Саяси партиялар туралы» заңға саяси партияны мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелерінің санын 40 мың адамнан 1 мыңға дейін азайту туралы өзгеріс енгізуді ұсынды.