Бастамашыл топ республикалық референдум өткізуге өтініш берді

Республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топ Орталық сайлау комиссиясына өтініш берді.

ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, бастамашыл топтың өкілдері Н.Есқалиев, А.Әбдіқалықова, М.Дәрібеков Орталық сайлау комиссиясының қарауына бастамашыл топты тіркеу үшін құжаттар пакетін және референдумға ұсынатын мәселелерді енгізді.

Бастамашыл топты тіркеу туралы өтінішпен бірге 62 адамды құрайтын референдум тағайындау туралы мәселе бойынша бастамашыл топты құру туралы жиналысқа қатысқан тұлғалардың тізімі және деректері көрсетілмеген 2019 жылғы 10 қарашадағы жиналыстың хаттамасы ұсынылды, — деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.

Сонымен бірге республикалық референдумның бастамашыл тобы отырысының 10 қарашадағы хаттамасы, бастамашыл топ мүшелерінің деректері көрсетілген тізімі мен референдумға ұсынған сауалдары да енгізілді. Олар мынадай:

1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде пропорция жүйесімен тең мөлшерде бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуге келісесіз бе?»;

2) «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде партияны мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелерінің санын 40 мың адамнан 1 мыңға дейін азайтуға келісесіз бе?».

Орталық сайлау комиссиясы бұл құжаттардың «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң талаптарына қаншалықты сай екенін заңнамамен белгіленген мерзімде қарайды.