Шығыс Қазақстан ауылдарын жақсарту үшін 188 жоба іске асырылады

Әкім шекара маңында орналасқан ауылдарды дамыту және олардағы тұрғындар санын көбейту мәселесін шешуге көңіл бөлінетінін айтты.

Даниал Ахметовтің айтуынша, биыл төртінші деңгейлі бюджетке көшкен аудан орталықтары мен 100 ауылдық округте ауқымды абаттандыру жұмысы жүргізілді. Бұл мақсатқа 4,2 миллиард теңге бөлінді. Оған аулалар көркейтіліп, саябақтар мен демалыс орындары, балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңдары салынды. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Глубокое, Көкпекті, Күршім, Үржар ауылдарында жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге (оның ішінде республика бюджетінен 1,9 миллиард теңге) болатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Күршім мен Үржар ауылдарындағы көшелерге орташа жөндеу жасалып, жабық бассейндер салынып жатыр. Глубокое кентінде мәдениет үйінің құрылысы басталды. Көкпекті ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр.

2026 жылға дейін жоба аясына алынған 116 ауылда ауқымды жұмыс жүргізіледі. Өңір басшысының айтуынша, ауылдарды көркейтуге кәсіпорындар мен бизнесмендер үлес қосып жатыр.

«Туған жер» бағдарламасы аясында құны 1,7 миллиард теңге болатын 258 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Оның 162-сі «Әлеуметтік бастамалар картасы» атты республикалық интерактив платформаға енген. Ол жобалардың арасында көпбалалы отбасыларға жалпы құны 558,5 миллион теңге болатын 230 үй салу, 260 миллион теңгеге облыс орталығындағы Менделеев көшесін қайта жарақтау, 117 миллион теңгеге Курчатовтағы жабық бассейнді салу, 20 миллион теңгеге Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында саябақ салу және 15 миллион теңгеге Семейдегі футбол алаңын салу бар.

Облыс басшысының айтуынша, қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл — ел бесігі» атты арнайы жобасы аясында Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Үржар сияқты шекаралық аудандарда 5 жылдық бағдарлама әзірленіп жатыр. Жоспарға инфрақұрылымды жақсарту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салаларын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу енгізілген.