Алматының шеткі аудандарын дамытуға 800 миллиард теңге жұмсалады. «ҚазАқпараттың» хабарлауынша, бұл туралы қалалық стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қайыров мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Алматы-2050» стратегиясы қаланың барлық өңірін дамытуды, тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді.
Стратегия — қала дамуының бағыттарын айқындайтын құжат. Бұл жоғары деңгейдегі сауалдарға жауап береді. Қалаға қанша автобус сатып алынатыны, қанша шақырым жол салынатыны туралы сауалдар қойылады. Бұл төменгі деңгейдегі құжаттармен реттеледі. Стратегия — Алматының шет аудандарын дамытудың кешенді жоспары. Мұнда әр 5 жылға жоспар құрылады. Мәселен, 2024 жылға дейінгі даму жоспары құрылып жатыр. Ол бойынша қаланың шеткі аудандарын дамытуға 800 миллиард теңге қарастырылған. Қаражат өте ауқымды, — деді Нұртас Қайыров.
Стратегия және бюджет басқармасы басшысының айтуынша, 800 миллиард теңге негізінен Алатау және Наурызбай аудандарында инфрақұрылым желілерін жүргізуге жұмсалады.
Айта кету керек, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялаған еді. Құжат бойынша қала 30 жылда мынадай жеті бағыт бойынша дамиды:
1. Шетсіз қала;
2. «Ақылды» қала;
3. Тең мүмкіндіктер қаласы;
4. Қауіпсіз қала;
5. Жасыл қала;
6. Жаһандық іскерлік орталық;
7. Мәдени креатив қала.
Алматылықтар бір тәулік ішінде стратегия жарияланған сайтқа 200-ге жуық ұсыныс жазған.