Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасыларды қолдау қалай жүзеге асып жатыр?

Биыл көпбалалы аналарға көрсетілетін бірыңғай әлеуметтік көмек екі есеге артты. Сөйтіп 70 мыңнан 140 мыңға дейін қаражат төленетін болды. Ал атаулы әлеуметтік көмек үш есеге көбейді. Сонымен қатар тұрғын үй алуға алғашқы жарна беріліп, субсидия бөлінетін болды.

Жыл басынан бері әлеуметтік жағынан аз қамтылған 21 мың отбасыға немесе 100,2 мың адамға жалпы сомасы 8,3 миллиард теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жыл соңына дейін АӘК-ті шамамен 26 мың отбасы немесе 107,6 мың алады. Оған 11 миллиард теңге қарастырылған, — дейді Даниал Ахметов.

Биыл шығысқазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін шешудің нақты жолдары қарастырылды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 33,5 мың бала мектеп формасымен және ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілді. 3,5 мың бала балабақшаға тегін барады. Еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждерге 7930 грант бөлінді. ЖОО-ның түлектеріне 400 грант (аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары) қарастырылды. Олар тегін тамақ және жол ақысымен қамтамасыз етілген.

Биыл көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, еңбекке жарамсыз мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке кәсіп ашуға көмек беру мақсатында 1227 грант тағайындалды. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жұмысы кезең-кезеңімен іске асып жатыр.

Бүгінде ауылдық жерлерде тұратын 388 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде 231-і бюджеттен тыс қаражат есебінен, 118-і мемлекеттік тұрғын үй қорынан, 39-ы демеушілерден көмек алып, үйлі болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша осы отбасыларды бюджеттен тыс қаражат көздері арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету механизмін енгізу қарастырылып жатыр.