Қазақстан студенттері Ташкенттегі фестивальден жүлде алып келді

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл жыл сайын өтетін фестивальге Еуразияның 19 елінен 80 университет қатысты. Соның ішінде Қазақстанның 18 жоғарғы оқу орнының студенттері мен түлектері 90-нан астам жұмыс ұсынды.

Бұл — сәулет, дизайн, құрылыс, құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкцияларды өндіру, инженерлік жүйелер мен желілер, көлік құрылысы, геодезия және картография, кадастр және жерге орналастыру бағыттары бойынша республикалық байқаудан іріктелген жобалар. Фестиваль қорытындысы бойынша Қазақстан жоғарғы оқу орындарының 50-ден астам түлегі бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды, — деп жазылған хабарламада.

Еуразияның сәулет-құрылыс және дизайн мектептерінің халықаралық фестивалі — жоғарғы оқу орындарының мамандары, сәулет-құрылыс саласының кәсіпқойлары, жас сәулетшілер, құрылысшылар мен дизайнерлердің басын қосатын халықаралық шығармашылық алаң. Байқау талантты жастардың кәсіптік қызметін бастауға жол ашады. 10 жылдың ішінде халықаралық фестиваль Еуразияның 150-ден астам жоғарғы оқу орындарының басын қосты.

Келесі фестиваль Ресейдің Новосібір қаласында өтеді.