Үш студент Денис Тен атындағы стипендияға ие болды

Қазақстан-Британ техникалық университетінің үш студенті Денис Тен атындағы стипендияға ие болды. Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар — көркем гимнастикадан спорт шебері, 2-курс студенті Лаура Қайболдина, ушудан спорт шеберлігіне кандидат, 2-курс студенті Анар Іскендірова және шахматшы, 1-курс студенті Талғат Садықов.

Стипендияны тағайындау салтанатына спортшының анасы Оксана Тен келді. Ол 6-11 қараша күндері Сеулде Денистің құрметіне арналған көрмеге қатысқан.

ҚБТУ ректоратының осындай стипендия тағайындап, сонысымен бізбен бірге Денистің арманын іске асырып жатқаны, яғни түрлі саладағы талантты жастарға көмектесіп жатқаны — өте қуанышты тосын жайт. Мен университет басшылығына дарынды студенттерге қолдау көрсеткеніне алғысымды білдіремін. Бұл — спортты, мәдениетті және патриотизмді дамыту мен жастарды адамгершілікке баулуға қосылған елеулі үлес. «Денис Тен қорының» басшысы ретінде Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамыту үшін көп жұмыс істеп жатқанымызды айтқым келеді. Жуырда мәнерлеп сырғанаудан «Денис Тен мемориалы» аталатын алғашқы халықаралық турнир өткіздік. Бұл — көп істің басы, — деді Оксана Тен.

ҚБТУ ректоры Кенжебек Ыбырашевтің айтуынша, Денис Тен атындағы стипендияны алуға 80-нен астам талантты студенттен өтініш түскен. Стипендия тек үш адамға бұйырып отыр.

Денис ҚБТУ Бизнес мектебінің Executive MBA бағдарламасы бойынша магистрант болып, университет өміріне белсене араласты. Спорттағы көп жетістігіне қарамастан тоқтап қалған жоқ, жастарға үлгі бола отырып өзін түрлі бағытта дамытты. Сол себепті ҚБТУ кинозалына Денис Тен атын беруді және чемпионымыздың аты мәңгі есте қалуы үшін және оның ісі ары қарай жалғасуы үшін Endowment қорының қолдауымен Денис Тен атындағы стипендия тағайындауды ұйғардық, — деді ректор.

Айта кету керек, 14 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Денис Тенді еске алуға арналған «Денистің достары» дәстүрлі мұз шоуы өтеді. Онда әлем спортының жұлдыздары өнер көрсетеді. «Денистің достары» шоуы мұның алдында шілде айында Алматыда өтті. Тұңғыш рет Дениссіз өткен өнер мен спорт кешінде Мао Асада, Такахито Мура, Дабин Чой, Сергей Воронов, Софья Шевченко, Роман Савосин, Игорь Еременко, Олександр Любченко, Дмитрий Филипп Уоррен, Джереми Эббот, Мари-Пьер Лере, Елена Радионова, Наталья Бестемьянова, Игорь Бобрин, Кэйтлин Уивер мен Эндрю Поже сияқты әйгілі мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетті.