Саябақта үш түрлі 50 ұя пайда болды. Оның екі түрі кішкентай және үлкен сарышымшыққа, біреуі жапалаққа арналған. Бірақ, мамандардың айтуынша, Алматыдағы басқа парктерге қарағанда іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағында құс аз.
Ұяларды парктің биоалуантүрлілігі үшін орнатып жатырмыз. Мұнда біраз сарышымшық бар, әсіресе оларды парктің оңтүстік жағынан көп кездестіруге болады. Жапалақты дәл қазір көре алмаймыз, негізі біразы бар. Бірақ «Атакент» паркінде құс көп емес. Осы мәселе біздің араласуымызға себеп болды. Себебі мұнда бұта көп, құсқа азық табылады, — дейді Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының маманы Артем Крохов.
«Атакент» орталығы паркті жақсарту үшін Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Биологтар ұя-үйшікті ағашқа құс түрлерінің табиғи тіршілік ортасының заңдары мен ерекшеліктеріне қарай іліп шықты.
Жапалақ ұяларының арасы шамамен 100 метрдей, ал сарышымшық үйшігінің арасы 300 метрден көп болуы керек. Жапалақ пен сарышымшық ұяларының да арақашықтығы 300 метрден алшақ болғаны жөн. Себебі құс жұбы өз кеңістігінде өмір сүруі керек. Әдетте құстар бір-бірінен алшақта, әрқайсы өз бетімен тіршілік етеді. Ұялардың арасы жақын болса, басқа жұптар қауіп төндіруі мүмкін. Кішкентай болып көрінгенімен ұялар бір жұпқа арналған. Әдетте құстардың бірі үйшікте қалып, екіншісі ұясына материал жинайды, қорек іздейді, — дейді Артем Крохов.
Биология ғылымдарының докторы Владимир Казенастың «Алматы қаласының құстары» кітабында маубас жапалақтың саябақтар мен көше аллеяларындағы тал-бұтаны мекен ететіні айтылады. Маубас жапалақтың көзі түнде жақсы көреді. Ол көбіне әртүрлі жас ағашқа ұя салады, бір ұяға 3-7 жұмыртқа қалдыруы мүмкін. Жылына бір рет балапан басып шығарады. Жәндікпен, кесірткемен, кеміргіштермен және ұсақ құспен қоректенеді.
Биологтың мәліметінше, сарышымшық көбіне жабық қуысқа, басқа құстардан қалған мекендерге ұя салады. Жеміс-жидекпен, дәнді дақылмен, ұсақ жәндікпен қоректенеді. Бір ұяға 13 жұмыртқаға дейін салуы мүмкін. Әдетте жылына екі рет балапан басып шығарады.
Мамандар «Атакент» орталығына аумақтағы шөпті жұлмауға, жинамауға үндеп отыр. Себебі жапалақ пен сарышымшық шабындыққа ұя салып, жұмыртқалайды.
Жабайы құстың азаюы шыбын-шіркейдің, басқа да жәндіктің көбеюіне себеп болады. Қазір бұл мәселені шешудің бірнеше амалы қарастырылып жатыр.
Кейінгі 1-2 жылда тұрғындардан шыбын-шіркейдің көбейіп кеткені туралы шағым түскен еді. Жабайы құстардың азаюы осындай жағдайға себеп болып отыр. Осыған байланысты тамыздан бастап біріншіден, бақша ағаштарын ектік. Шыбын-шіркей көбіне жидек ағаштарына жиналады. Осылай біз парктегі құсқа азық дайындаймыз. Енді бүгін құс ұясын іліп жатырмыз. Шыбын-шіркейдің тұрғындарды мазаламауы, үйлердің терезесіне үймелемеуі үшін құстардың тіршілігіне жағдай жасамақпыз. Келесі жолы жем салатын астау орнатамыз. Сонымен қатар саябақта ара ұясын көбейту үшін қалалық фермамен келістік. Олар омартаны қысқа жауып қойды, ара көктемде шығып, топырақты тозаңдандырады, — дейді «»Атакент»Атакент» ҚІЫО» АҚ президенті Мәдина Мақыпова.