Алматының 34 жастағы тұрғыны Зәуре ешқашан туыстарынан басқа адамдарға бірінші болып амандаспайды екен. Кейде көршілері ренжіп, «неге амандаспайсыз?» деп те сұраған. Зәуренің айтуынша, аса жақын емес адамдармен амандасу аса маңызды емес.
Сәлемдеспегенде тұрған ештеңе жоқ. Бір жаққа асығып бара жатқанда немесе көңіл-күйім болмағанда таныс адамдармен амандаспай өтемін. Кейде қалың ойға шомып, сәлем беруге мән бермеймін, — дейді Зәуре.
Сәлемдесу — этикет. Ол — достық пейіл мен құрмет көрсетудің белгісі. Біз адамдардың өзгелермен амандаспауы нені білдіретінін психологтан сұрадық. Маманның айтуынша, адамдардың кейбірінің өзгелермен дұрыс сәлемдеспеуінің бірнеше себебі бар. Ең бірінші себебі тәрбиеге байланысты. Мысалы, ата-ана баласын «танитын адаммен ғана амандас, танымасаң, амандаспа» дегенді құлағына құйып өсіруі мүмкін. Бұл баланың бойына әдет болып қалыптасады.
Қоғамда «кісімен сәлемдеспейтін адамның психологиялық ауытқуы бар» деген ұғым қалыптасып қалған. Ол — қате түсінік. Керісінше, «менің сәлемімді қабыл алмады, менімен амандаспады, маған жауап бермеді» деп ренжитін адамның бойында психологиялық кемшілік болуы мүмкін, ондай адам айналасынан үнемі бірнәрсе күтеді. Өзгелермен қарым-қатынасында үйлесім, тепе-теңдік жоқ адам ренжігіш келеді, — дейді психолог Самал Әлішева.
Маманның айтуынша, амандаспаудың екінші бір себебі — адамның үнемі ой үстінде жүруі. Әлденені ойлап жүретін адам сәлемдесуді ұмытып кетеді, жанынан өтіп бара жатқан адамға мән бермейді. Үшінші себебі — жаппай виртуалдану. Адамдар бір-бірімен өмірде емес, мессенджерде, әлеуметтік желіде сөйлесуге әбден үйреніп алады.
Төртінші себеп — көші-қон мәселесі. Бұл әсіресе үлкен қалаларда пәтер жалдап тұратын адамдар арасында кездеседі. Олар пәтерде уақытша тұрған соң көршілерімен жақын танысуды, амандасуды құптамайды.
Тағы бір себебі — кей адам құлағы нашар естігеннен сәлемдеспеуі мүмкін. Дегенмен негізгі себептердің бірі — адамның сәлемдесушіні сыйламауы.
Танып тұрып амандаспау адамның өзгемен жанжалдасуға дайын екенін білдіреді. Ол адамдардың бірін-бірі ұнатпағаннан болады. Сол себепті де бір-бірін әдейі көзге ілгісі келмейді. Жауап бермеу арқылы амандасқан адамды жазалағысы келеді. Бірақ біреу сәлемдескенде әдейі жауап бермеу — адамның әлсіздігі, — дейді психолог.
Психологтың айтуынша, мұндай мәселені шешу оңай. Амандаспайтын адамның арадағы қарым-қатынасты жақсартуына ықпал етуге болады. Әрқашан бірінші қадам жасаған дұрыс: өзің бастап жылы сөйлеп, сәлемдессең, ол адам ұялғаннан амандасады.