69 жастағы Кенжебай Мамырбаев немересін оқыту үшін Алматыға Алматы облысының Бақанас ауылынан көшіп келген. Немересіне әзірше жатақхана берілмеген. Ол 1-2 жыл қала тіршілігіне үйренген соң ауылға қайтпақшы. Қазір Қалқаман-2 ықшамауданындағы жалдамалы баспанада үш немересімен бірге тұрып жатыр. Алматының орталығынан пәтер жалдау қымбат болған соң қаланың осы бөлігінде тұруды жөн көрген.

Қаланың ортасындағы пәтерге айына 100 мың теңге төлеуім керек. Қазір тұрып жатқан жеріме 35 мың теңге ғана төлеймін. Немеремнің оқу орнына алыс болса да, тұруға тура келеді. Жақсы жағдай жасалған деуге келмейді. Жоқтан жақсы деп тұрып жатырмыз, — дейді Кенжебай Мұсаұлы.

Кенжебай Мамырбаев.
Кенжебай Мамырбаев. Фото: Айгүл Хожантаева

Қарияның айтуынша, пәтердің ақшасын ай сайынғы зейнетақысымен төлейді. «Времянканың» жиһазы ескі болса да, жабдықталғанына риза. Болашақта немерелерінің өз баспанасы болғанын армандайды.

Кенжебай қариямен әңгімелесіп болған соң Жақан Аханов және Алдан Айымбетов көшелерінде осындай шағын баспаналарды жалға берушілермен сөйлестік. Бұл ықшамауданда жалға берілетін «времянкалар» шамамен әрбір екінші үйде бар.

Қазіргі таңда пәтер іздеу мен табу үлкен машақат, ал оны жалдау үшін жалақыңыздың жартысын бересіз. Мысалы, төмендегі суреттегі бір бөлмелі пәтерде тұру үшін қожайындар айына 20 мың теңге сұрайды. Жылуға тағы 5 мың теңге төлеу керек. Үйдің ішінде жылы су жоқ. Суық судың өзі сыртта орналасқан.

Келесі үйдің иесі жалға берушілер үшін салған шағын баспанасының бір бөлмесін 30 мың теңгеге бағалады. Оның айтуынша, осы кәсібі үшін салық төлейді. Сол себепті бөлменің бағасы жоғары.

Эльмира есімді тұрғын бір бөлмені 26 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр. Оның айтуынша, күйеуінің айлығы орталықтан пәтер жалдауға жетпегеннен осында тұруға мәжбүр.

Біз жарық, су мен жылуды есептегенде айына 33-35 мың теңге төлейміз. Үйдің ішінде суық су ғана бар. Баспаналы болу әр қазақтың арманы ғой. Өз үйіміз болғанға дейін ақша үнемдеп, арзан жерде тұрудан басқа амал жоқ, — дейді Эльмира.

Ықшамауданда «времянкалардан» басқа жатақхана да бар екен. Жатақхана еурожөндеуден өткен, бірақ ішінде жиһазы жоқ. Мұндай жатақхананы отбасы бар адамдар жалға алады. Тұрғындардың айтуынша, айына 45 мың теңге төлейді. Жылу, су, газ, жарықты есептегенде айына 55-58 мың теңге болады. Жатақхананың ішінде ыстық су мен дәретхана бар.

Бұл ықшамауданда 20-50 мың теңге аралығында пәтер жалдап тұруға болады. Орталықтан қашық, өмір сүруге жайлы да емес, бірақ арзан. Сол себепті Алматыға көбіне сырттан келіп жатқандар мен жалақысы аз азаматтар осындай аудандарда тұрғанды қолай көреді.