Зарета Құрманғожина қазір 27-де, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мәдениеттану мамандығында 1-курста оқиды. Оқу корпусының жанындағы жатақханада тұрады.

Зарета Құрманғожина
«Аялы алақан» бағдарламасы сюжетінің кадры

Ол әр адам өзін табиғи қалпында қабылдау керек екенін, сонда ғана оны өзгелер де жақын тартатынын бала күнінде түсінгенін айтты.

Адам өмірге қандай күйде келсе, сол қалпына көніп, тіршіліктің айдаған жағына қарай жүре береді. Болмаса, өзімен-өзі жұмыс істеп, басқа қабілетін дамытады. Мұны балалар үйінде жүріп байқадым. Көшеде келе жатқанда адамдардың бақырайып қарағанына үйреніп кеткем. Өйткені тумысымнан көріп келе жатқан нәрсе ғой. Елең етпеймін. Бірақ кейде тым қатты тесілсе, ашуланып, «Неге қарайсың?» дейтінім бар. Артынан өзімді сабырға шақырамын, — дейді Зарета.

Кейіпкеріміз Түркістан облысының Төле би ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Онда өзімен тағдырлас балалармен бірге өскен. Солардың ішінде өмірге ең құштары да, «жұрттан қалып кетпеймін» дегені де Зарета еді. Ондағы балаларға 16 жасқа келуді ойлаудың өзі қорқынышты болған.

Зарета Құрманғожина
Фото: Айгүл Хожантаева

Балалар үйі бізді 16 жасымызға дейін өсіріп, бақты. Ары қарай оқуға түсу керек немесе өзіңмен-өзің болып, үлкен өмірге қадам басу қажет. Мен колледжге түсіп, 3 жыл әмбебап тігінші мамандығын оқыдым. Шынымды айтсам, бір жапырақ диплом үшін оқыдым. Тігін тігу қолымнан келеді, бірақ арманым тігінші болу емес, — дейді ол.

Зарета Австралияның мотивация ораторы Ник Вуйчич сияқты мотиватор болғысы келеді. Ник Вуйчич биыл Алматыға келді. Оның лекциясын тыңдауға Зарета да барыпты.

Шынымды айтсам, Никтің әңгімесін тыңдап, одан да мықты оратор бола алатынымды түсіндім. Өйткені оның айтқандарын онсыз да біледі екенмін. Әлеуметтік желіде адамдар маған «сізден мотивация аламын» деп жиі жазады. Демек, өзгелерді жігерлендіру менің де қолымнан келеді. Никті де, басқа адамды да кумир тұтпаймын. Біреудің қылығын салып, өзгеге еліктеуден аулақпын. Әр адамның өзінде ең әуелі өзі бар. Олай болса, ол өзіне көмектесе алады, — дейді Зарета.

Зарета Құрманғожина
Фото: Айгүл Хожантаева

Зарета 18-ге толғанда денсаулығы бұрынғыдан нашарлай бастағанын айтты. Іштей өзіне «мені Алла аурумен сынап жатқан болар, шыдайын» деп жүрген екен. Бір жақсысы, мемлекет оған Шымкенттен үй берді. Колледж бітірген соң әлеуметтік мектепте вахтер болып жұмысқа тұрады. Әкімдікте концерт, мәдени шараларын ұйымдастырған.

Кішкентай күнінде денсаулығына байланысты оқудан көп қалып қоятын. Соған қарамастан жоғарғы білім алуды мақсат етеді.

Қарасам, балалар үйінен кеткеніме 10 жылдай болып қалыпты. Ал менің әлі күнге дейін жоғары білімім жоқ еді. Орта біліммен тоқтап қалғым келмеді. Жұрттан қалай оқуға түсуге болатынын, ол үшін не істеу қажет екенін сұрадым. 12 мүшесі сау адамдармен бірдей емтихан тапсырып, 99 балл жинадым. Бакалаврға түстім, — деді Зарета.

Зарета оқу бітірген соң мотиватор болғысы келеді. Шымкентте Мария Брезинская есімді бизнесмен бар. Заретаға осы идеяны ұсынған — сол құрбысы. Заретаға менен де мықты мотиватор бола аласың деп өзі өткізетін тренингтерге бірге ертіп жүрген екен.

Зарета Құрманғожина
Фото: Айгүл Хожантаева

Кей адамның басынан өткізіп жатқан қиындығын көргенде өзіңдікі оның қасында түк емес екенін түсінесің. Мен мүгедектігі бар жандарды және өзін ешкім емес сезінетін адамдарды жігерлендіргім келеді, — дейді ол.