FUCK UP SHOW. Жоқ, бұл ағылшын тіліндегі ерсі сөз емес, жаңа форматтағы кездесу түрі екен. Fuck up – тікелей аударғанда “сәтсіздікке ұшырау”, “шалыс басу”, “қателесу” немесе “құрту”. Бұл кездесуде жетістікке жеткен адамдар сәттілік жолымен емес, қателескен, шалыс басқан қадамдары жайлы айтады. Солай тыңдарман өзгенің қатесі арқылы сабақ алады.

Алматы – күн сайын неше түрлі форматтағы шара өтетін үлкен алаң. Егер сен блогер немесе мәдени шолушы болсаң, апта соңына қарай шақырулардан бас көтере алмай қаласың. Брендтің ашылуы, ірі компаниялардың маусымдық өзгерістері, тренингтер мен көрмелердің шақыруы арасынан атауы ерекше шара көзіме түсті.

Fuck Up Show
Fuck Up Show, Алматы. Фото: Айжан Карибай

Кешті өткізген – A Group бизнес шаралар ұйымдастырушы компаниясы. Компания өкілдерінің айтуынша, тығырыққа тірелген жағдайлар мен одан шығу жолдарын достар ортасында әңгімелесе отырып баяндасаң, кез келген мотивациялық тренингтерден көбірек әсер аласың.

Fuck Up Show, Алматы.
Ұлықбек Шәріпов

Сонымен The Monkey барының жасанды сахнасына ең бірінші болып Shoqan ерлер костюмі мен Tumar сағат брендінің негізін салушылар Нұрсұлтан Мағзұмов пен Ұлықбек Шәріпов шықты. Екі достың қазірде Қазақстан бойынша тоғыз және Мәскеуде бір дүкені бар. Жігіттер мәскеулік бизнесмен Дмитрий Портнягинмен танысқанын, қазақстандық танымал PR-маман Әлішер Елікбаевтың Instagram-парақшасында көзге түсу үшін құпия жолдарға барғанын айтып елді күлдірді. Әсіресе, Әлішер Елікбаевтың оқиғасы қызық болыпты.

Fuck Up Show, Алматы
Нұрсұлтан Мағзұмов пен Ұлықбек Шәріпов.

Жағдай былай болған: жігіттер Елікбаевтың Instagram-парақшасына түсеміз деген мақсат қойып, алдымен Әлішердің достары арқылы әрекет жасай бастайды. Әлішер алдымен Instagram-нан Shoqan костюмін киіп түскен бір досын көреді, содан кейін тағы біреуін, кейін тағы біреуін. Солай біраз уақыттан соң ол дүкенге хабарласып, өзіне костюм тігуді сұрайды. Егер медиа саласынан алыс болсаңыз, онда осы жерде Әлішер Елікбаевтың бойы 2 метр 2 сантиметр екенін ескерте кетейін. Нұрсұлтан мен Ұлықбек оны “қақпанға түсті” деген оймен “біз сізге костюм сыйлаймыз” деп Әлішерге жар салады. Жеке өлшемімен костюм тігіп бермекші болады. Жаңа жыл кешіне дейін Әлішер үш рет алдын ала киіп көруге келеді. Алайда біресе шалбары қысқа болып қалады, біресе ішіндегі жилет Әлішердің кеудесінен ғана келеді. Енді бірде костюм жеңі қысқа болып шығады. Сөйтіп жүріп жаңа жыл да өтеді. Костюм де жоқ, жігіттер де жоқ. Әлішер соңында “өзім-ақ ақшасын төлейінші, жай ғана әдемі костюм тігіп беріңдерші” десе де, кәсіпкерлер оның өлшемімен сәйкестендіре алмайтындарын түсініп, “жоқ болып кеткен”.

Осындай сәтсіз кейстен кейін олар тағы бір “қиын” клиентті қабылдайды. Ол танымал вайнер – Zheka Fatbelly. Алайда Әлішердің жағдайындай емес, Жеңіске костюм тігіп шығады. Бірақ дұрыс өлшемге жету үшін олар оған дейін 200-ден аса костюм тігіп, Жеканың өлшемін тапқан.

Fuck Up Show, Алматы
Нұрсұлтан Мағзұмов, Fuck Up Show, Алматы

Қарызға батқан қаншама жағдайдан күле шығып, соңында жетістікке жетеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевты костюмдерінің бренд-амбассадоры етіп алған кәсіпкер достар кешті жақсы көңіл-күймен ашты.

Fuck Up Show, Алматы
Серік Есматов

Сәтсіздігі туралы айтып берген келесі спикер – спортшы, жастар арасында волейболдан Қазақстанның паралимпиада құрамасының капитаны Серік Есматов. 13 жасында екі аяғынан сал болған Серік мойымай, ақырында Малайзияда өткен Азия жастар арасындағы паралимпиаданың қола жүлдегері атанады. “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпазы, мотиватор, бірнеше брендтің амбассадоры, әлемдік ірі компаниялармен түрлі жобада жұмыс істеп келеді. Спортшы қазірде қызу қоғамдық өмірдің ортасында жүр, “бақытты өмір сүру үшін, ең бастысы, өмірді бағалау керек”, – дейді.

Ол мүгедектіктің оң жақтарын көре білген. “Мүгедек үшін әрдайым бос паркинг дайын, салық төлемейсің, ең бастысы, аяқкиімнен еш проблема көрмейсің” деген әзілін де айтты. Аяғыңды соғып алу, ыстық төгіп алу сынды тұрмыстық ыңғайсыздық болмайды. Ал аяғының карбон протезін орнатуға Nike компаниясы демеуші болыпты. Бір сөзбен айтқанда, өмірді қиындығына қарамастан сүюді, бақытты толыққанды азамат болып өмір сүруді Серік Есматов жақсы меңгеріп қана қоймай, түсінгенін де өзгелерге жеткізіп жүр.

Fuck Up Show, Алматы
Серік Есматов

Міне, осындай әдемі ортада бизнестің де біз біле бермейтін қиындықтарын және адамның мықты рухы болатынын білдік. Кеш соңында ұйымдастырушы A group компаниясының бас директоры Әділет Ауғанбаев сөз алып, сәуір айында болатын New A Forum бизнес шарасына билеттерді ұтысқа қойды. Оның айтуынша, компания тек шара ұйымдастырып қоймай, өсем деген кәсіпкерлер үшін “Синдикат” атты жабық клуб ашыпты. Ал Fall Down Show форматы түрлі саланың спикерлерін жинап, енді ай сайын өткізіліп тұрады екен.

Fuck Up Show, Алматы
Әділет Ауғанбаев A group командасымен Fuck Up Show, Алматы