2018 жылы шыққан «Алматы қаласының 200 экскурсиялық нысаны» кітабының мәліметінше, алғашында бұл үй полковник Сапожниковтың жесіріне тиесілі болған. Бірақ оны Верный қалалық балалар үйінің директоры жалдап тұрған. Үй 1894 жылы архитектор Павел Гурдэның жобасымен салынған.

Тұрғын үй сәулет ескерткіші
Тұрғын үй сәулеті ескерткіші. Фото: Айгүл Хожантаева

Павел Гурдэ 1846-1914 жылдары өмір сүрген. Ол — белгілі архитектор, қоғам қайраткері. 1875 жылы Верныйға келіп, қаланың құрылысы мен архитектурасының дамуына үлкен үлес қосқан.

Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі. Фото: Айгүл Хожантаева

Балалар үйінің басшысы бұл үйді бекер жалдамаған. Директор жұмыстан тыс уақытта тәрбиеленушілерден көз жазып қалмау үшін дәл осы үйді таңдаған көрінеді. Себебі терезеден Балалар үйі көрінетін болған. Верный кезінде бұл үйге педагогтар мен тәрбиешілер жиі жиналған. Олар оқу бағдарламасын, Балалар үйінің қызметкерлерінің маңызды міндеттерін талқылаған.

XІX ғасырдың ортасында Верныйда сауда-саттық жақсы дамыды, базарлар пайда болды. Сауданың дамуына ерекше үлес қосқан — көпестер. Олар өзіне үлкен етіп үй салды. Қаланың орталығы мен орталыққа жақын маңға көпестердің үйі сән-салтанат беріп тұрды. Верный кезінде көпестердің үйі Сібір қалаларының модернінде салынды. Себебі Верныйда тұрған көпестер Түменнен, Тобылдан және Ялуторовскіден келген еді. Сондықтан да олардың үйі бір-біріне ұқсас болды.

Тұрғын үй сәулет ескерткіші
Тұрғын үй сәулеті ескерткіші. Фото: Айгүл Хожантаева

Үйдің іргесі тастан, тасқа бөренелер бекітіліп, қабырғасы қаланған. Қабырғасы кірпіштен салынған ғимарат сияқты сыланған. Үйдің төрт дәрежелі шатыры мансарда етіп жасалған. Үйдің құрылысы тікбұрышты. Ғимараттың оңтүстік және батыс жағынан жапсарлас құрылыс салынған. Үйдің қасбеті картуш тәрізді гипстен жапсырылып жасалған. Биік терезелердің жақтауы да тақтаймен, гипспен өрнектелген. Үйдің Сейфуллин даңғылына қараған беті тіреумен тігінен үшке бөлінген. Шатыр ернеуінің асылмасына тесілген тақтайшалардан жасалған карниз өткізілген. Детальдардың бәрі ақ, ал үйдің қабырғасы көгілдір түске боялған.

Тұрғын үй сәулет ескерткіші
Тұрғын үй сәулеті ескерткіші. Фото: Айгүл Хожантаева

Кейін бұл үйде бағбан Татаринов тұрған деседі. Бірақ Балалар үйінің басшысы мен бағбанның мұнда қай жылдары тұрғаны белгісіз.

1917 жылдан кейін ғимарат жергілікті денсаулық сақтау саласының қарамағына алынды. Мұнда санэпидемстанция орналасты. 1988 жылы бұл үйге архитектор В.М.Плисстің жобасымен реставрация жасалып, 1991 жылы АҚШ елшілігі орналасты. Бірақ 1992-1999 жылдары ғимарат Ұлттық олимпиада комитетінің балансына ауысты.

Бұдан кейін ғимарат Қазақ спорт және туризм академиясына берілді. Қазір ғимаратта Республикалық спортттық және олимпиадалық даңқ музейі, Туризм ғылыми-зерттеу институты мен Туристік ақпараттық-әдістеме орталығы бар.

Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі. Фото: Айгүл Хожантаева

Баға жетпес сәулет ескерткіші бүгінге жетпей қалуы әбден мүмкін болған. Өткен ғасырдың 70-жылдары жобалау институты бұл ғимаратты қаланың сәулетіне сай келмейді деген шешім шығарған.

Жобалау институтында жұмыс істедім. Біз Бөгенбай батыр мен Қарасай батыр көшелері созылған кварталды қарап, бәрін бұзу керек деген шешімге келдік. Бірақ органдар ол үйді тарихи ғимарат деп, сақтап қалуды өтінді. Бұл — 70 жылдардың кезі. Ғимаратта санэпидемстанция орналасқан еді. Оны жөндеуге мекеменің қаражаты жетпеген болуы керек. Қазір қарап отырсам, сол үйдің сақталғаны жақсы болған, — дейді сәулет докторы, профессор Спиридон Космериди.

Спиридон Космериди. Фото: Айгүл Хожантаева

Бүгінде мұнда қала тұрғындары мен қонақтары музейге және экскурсиялық қызмет бойынша ақпарат алуға келеді. Спорттық және олимпиадалық даңқ музейінің әдіскері, мәдениеттанушы Бақытхан Оразымбетованың айтуынша, Верный заманында қазіргі Жібек жолы даңғылы мен Шәмші Қалдаяқов көшесі, Бөгенбай батыр мен Мұқан Төлебаев көшелерінің арасы «алтын шаршы» болды. Сейфуллин даңғылы ол кезде қаланың шеті болып, бұл тарихи шаршыға кірмеді. Ал қазіргі Алматы музейі бұрын Балалар үйі болды. Ол ғимаратты да Павел Гурдэ салған.

Үйдің есігі Бөгенбай батыр көшесі жағында болған. Қазір де кіреберіс сақталған, бірақ жабық. Реконструкция кезінде мамандар аула жағынан есік ашқан. Ғимарат 1985 жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енді. Содан бері оның тек ішін жөндеуге рұқсат бар. Сыртқы реставрация арнайы комиссияның шешімімен жасалады. Музей қызметкерлері ғимаратқа соңғы рет 2015 жылы кішігірім жөндеу жасалғанын айтты.

Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі. Фото: Айгүл Хожантаева

Қай заманда болмасын адамның қоғамдағы орнын, тұрмыс жағдайын оның үйіне қарап білген. Сақтарда қорғанның қаншалықты биік екеніне қарап сол адамның бай болғанын көреміз. Орта ғасырларда да қалалар үш бөліктен тұрды. Цитадельде байлар, шахристанда бай саудагерлер, ал рабатта тұрмысы нашар кедейлер тұрды. Бұл ғимарат та сол уақыт үшін көрнекті, өте жақсы үй болған, — дейді Бақытхан Оразымбетова.

Мәдениеттанушы Бақытхан Оразымбетова
Мәдениеттанушы Бақытхан Оразымбетова. Фото: Айгүл Хожантаева

Олимпиада мен жалпы спорттағы дәрежелерге арналған музей үш бөлімнен тұрады. Бірінші зал ұлттық спорт түрлеріне арналған. Мұнда қазақтың тарихында қандай спорт болғанын, халқымыз балаларды спортқа қалай баулығанын көруге болады. Екінші зал кеңес дәуіріндегі спорт жетістіктерінен сыр шертеді. Үшінші зал «Егемен Қазақстан» деп аталады. Кейінгі жылдары дәстүрлі емес, авангард спорт түрлері қосылды. Осы және өзге де жаңалықтарды осы залдан көруге болады.

Сыртынан ғимараттың іші кең екені білінбейді. Бізге мұнда жақсы атмосфера сезілді. Бақытхан Оразымбетованың айтуынша, үйдің іші кең болып, сыртынан шағын көрінуі — сол кездегі сәулетшілердің жұмысының ерекшелігі.

Бұрынғы үйлер сыртынан шап-шағын, ал іші үлкен, кең болған. Қазір үйді саларда дұрыс жобаламайтын сияқты. Сыртынан үлкен сарайдай көрінеді де, іші тар болады, — дейді мәдениеттанушы Бақытхан Оразымбетова.

Фото: Айгүл Хожантаева

Еске салайық, қазан айының соңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев азаматтарды оңтүстік астанадағы көне сәулет келбеті сақталуға тиіс ғимараттар каталогын жасауға үндеген еді. Тарихи ғимараттар туралы мәліметті олардың фотосуретімен және мекенжайымен қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтына жариялауға болады. Әкім қоғамның белсенді мүшелері 1927-1995 жылдар аралығында салынған тарихи құндылығы бар 757 ғимаратты анықтағанын хабарлады.