2019 жылдың сәуірінде фотожурналист Әйгерім Бегімбет фотограф Қанат Дарханмен бірге «Түркістан тіршілігі» жобасын іске асыруға грант жеңіп алған. Жобаны Internews Kazakhstan қаржыландырды. Бірақ жоба басталар алдында Қанат қайтыс болды.
Өзім ауылда тұрамын. Оның тұрмыс-тіршілігі мен проблемасын жақсы білемін. Қанат — менің бөлем. Грант алғанымызға қуанғанымызбен жобаны бастауды 1 аптаға шегерген едім. Ол денсаулығы болмай, тезірек бастайық деумен жүрді. Сөйтіп ойда жоқта дүниеден өтіп кетті. Бұл жағдайдан соң жобаны тастағым келді. Бірақ грант берушілер жаныма басқа фотографты алып жалғастыруды айтты. Фотоаппаратымызды мойынға іліп, талантты фотограф, дизайнер Шыңғыс Әбдіразақпен Түркістан өңірінің шалғай ауылдарын аралап кеттік, — дейді Әйгерім Бегімбет.
4 айлық жұмыстың қорытындысы 28 қыркүйекте Шымкентте көрмеге қойылды. Ал Алматыдағы фотокөрмеге Қанат Дарханның 5-10 жыл бұрын түсірген фотосуреттері мен Сабина Әбдімәлік есімді әуесқой фотографтың Iphone 5S-пен түсірген суреттері қосылды. Сабина көше адамдарын түсіргенді жақсы көреді.
Негізі театр режиссурасы мамандығында оқыдым. Бірақ кинорежиссер болғым келді. Олай болса, камерамен жұмыс істеп үйренуім керек деп 2-курстан бастап қолымдағы телефонға көшеден фото түсіре бердім. 300-ден астам фотосурет түсіріппін. Сәтті ұстап қала алатын сезімталдығым бар екен. Адамдарға байқатпай түсіріп алам. Бұл хоббиды шығармашылық фотосессиямен жалғастырғым келеді, — дейді Сабина Әбдімәлік.
Көрмедегі әр фотоның оқиғасы, айтары бар.
«Қамыс — табыс көзі»
Перизат Ысқақова 23 жылдан бері қамыс орып, сатады. Фото авторы оның қасқыр атып алғанын әлеуметтік желіден оқып, өзін іздей бастайды. 30 үйі бар Қызылшаруа ауылының тұрғыны екен. Жолдасы екеуі шаңырақ көтергенде ауылда жұмыс болмайды. Су келетін арық қамысқа толатынын көріп, қамыс орумен айналыса бастаған. Сары қамыстың бумасы — 150 теңге, жасыл қамыс — 80 теңге. Алғашқы табысына 2 сиыр сатып алады. Қазір 70 бас сиыры, 400 басқа жуық ешкісі бар. Мал басын қамыс орып тапқан ақшаға көбейткен.
«Кешікпей келем деп ең…»
Бұл — қамыс оратын Перизат Ысқақованың келіні Айсұлу. Қызылшаруа ауылында байланыс өте нашар. Осындай төбеде ғана байланысқа шығуға болады. Айсұлудың күйеуі ауылда жұмыс болмағандықтан Ресейге жұмыс іздеп кеткен. Онымен телефонмен сөйлесу үшін күнде қырға шығып қайтады.
«Қанатымды қомдайын…»
Сансызбай Оспанов — Ордабасы ауданының тұрғыны. Қолдан үш ұшақ құрастырған. Оның бірін Украина азаматы сатып алыпты. Бұрын Шымкент әуежайында істеген. 2000 жылдары қысқартуға ілініп кетеді. Қазір оқушылар автобусын айдайды. 3 жылдан бері ауыл балаларына арнап «Жас техник» үйірмесін жүргізеді. Балалар құрастырған ұшақ газбен ұшады. Бірақ биікке көтеріле алмайды. Өйткені моторы жоқ. Ал мотор кем дегенде 30 мың теңге тұрады. Фото авторы краудфандинг әдісімен 300-400 мың теңге жинап, оқушыларға 10 мотор сыйлауды ұсынып отыр.
«Бейбіт күннің апаты»
2019 жылдың 24 маусымында Арыста қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймасы жарылып, халық жан-жаққа қашып, ғимараттар бүлінген еді. Жаңагүл Баймұқанованың үйі қойма жарылған әскери аймақтан 50 метр қашықтықта орналасқан. Жарылыс кезінде бұл үйде үш адам болған. Жаңагүл Баймұқанова мүгедектігі бар жолдасын немересімен әупірімдеп үйден алып шығады. Сәл ұзаған соң үйіне снаряд түсіп, өртеніп кеткен.
Кейіпкер: Дүрбелеңнен кейін шалымның екінші көзі де көрмей қалды. Өзім үйдің жағдайын көруге келдім. Жүрек ауырады, — депті.
«Бейтаныс бала»
Бұл фото Түркістандағы Наурыз мерекесінде түсірілген. Автор қабырғадағы оюды көріп, өтіп бара жатқан балаға соның алдына тұра қалуды өтінеді. Қайда қарау керек екенін де өзі көрсетеді. Фото өңделмеген. Автор фотоны республикалық KazPhoto жобасына жібереді. Жоба Назарбаев Университетіндегі «Баста» журналының мұқабасына шығатын фотосуретке байқау жариялайды. «Бейтаныс бала» ең үздік фотография деп таңдалып, журналдың сәуір айындағы нөмірінде жарияланған.
«Сене аласың ба?»
2019 жылдың 9 маусымында Президент сайлауынан кейін елде митингілер көбейді. Рұқсат етілмеген акцияға қатысқандарды полиция қызметкерлері ұстап алып кетіп жатты. Мұнда болашақ полиция қызметкерлері — Ұлттық ұлан түсірілген. Автор фотосуретті Шымкенттегі Ұлттық ұлан мүшелері топ болып кетіп бара жатқанда соңынан еріп, түсіріп үлгерген. Өзінің айтуынша, митингіде адамдарды бас салып алып кететін полиция қызметкерлерін жек көре бастаған.
Ұлттық ұланға сенуге бола ма? Олар бізді қорғай ма? — дейді автор.
Алматыда көрмені 2 күн бойы 150-ден астам адам тамашалады. «Түркістан тіршілігінің» авторлары көрмені Нұр-Сұлтанға апаруды жоспарлап отыр. Олар келешекте Түркістан облысы ауылдарындағы проблемалар бойынша деректі фильм түсіргісі келетінін айтты.