Ұлттық ұлан жауынгерлері Арыс қаласынан қайтты

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Ұлттық ұланның Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінің жеке құрамы жауынгерлік жағдайда қызмет атқарды.

Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, ұландық офицерлер мен сарбаздар құрамы тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың қараусыз қалған заттарын ұрланып, тоналып кетпес үшін күзеткен. Осыған байланысты міндетін мінсіз атқарған бірқатар офицер мен сарбаз марапатталды.

Ұлттық ұлан
Фото: Facebook/ Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Абай атындағы мектеп-интернаттың саптық алаңында өткен марапаттау шарасында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы генерал-майор Андрей Қаскеленов пен 6505 әскери бөлімінің командирі полковник Қайрат Үмбетов Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Р.Жақсылықовтың арнайы бұйрығы негізінде тағайындалған «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісімен және Грамотасымен және әскери бөлім командирінің Алғыс хатымен марапаттады. Бірқатар әскерге естелік сый ретінде Ұлттық ұлан логотипімен шығарылған қолсағат табысталды, — делінген хабарламада.

Ұландық жауынгерлер Арыстың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысындa стратегиялық нысандардағы жарылыс қаупі жоғары оқ-дәрілерді анықтауға, тізімін жасауға және оны жоюға атсалысты.

28 маусымда таңертең сағат 6:00-де Арыс қаласынан көшірілген тұрғындар үйлеріне қайтарылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының аумағын снарядтар мен дезинфекциядан тазарту жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді.

ДереккөзTengrinews.kz