Басты бетЖаңалықтарРесейде Ораз-Мұхаммед...

Ресейде Ораз-Мұхаммед сұлтанның басына ескерткіш тақта қойылды

Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақта орнатылды.

ҚР Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шара Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтан кесенесіне жақын жердегі Ескі татар зиратында өтті.

Қадірменді халайық, осынау қасиетті Қасымов жерінде қасиетті бабамыз Ораз-Мұхаммед Онданұлына қойылған тақтаны ашып тұрмыз. Мұны бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі Қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне ғана емес, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс-қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады, — деді Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов.

Мемориал тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі — 3 метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған. Ескерткішке «Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны, Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.

Ораз-Мұхаммед моласы
Ораз-Мұхаммед сұлтан моласы. Фото: Kazembassy.ru

2019 жылдың қазан айында Ораз-Мұхаммед сұлтанның туғанына 447 жыл толды. Ораз-Мұхаммед сұлтан — Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның тікелей ұрпағы, Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтанның ұлы. Ол — өз заманында орыс патшасына бағынышты аймақта хандықты билеп, қазақ сұлтандарының арасында шетелде үлкен абыройға ие болған әйгілі тарихи тұлғалардың бірі. 1610 жылы алаяқ ІІ Лжедмитрий қолынан қаза тапқан.

Елшіліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ораз-Мұхаммедтің ерлігі мен өмірі туралы көп деректі жат жерде сұлтанның сенімді серігіне айналған шежіресі Қадырғали Жалаири жазып қалдырған. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» тарихи романында қазақ сұлтанының қайраткерлігі, парасаты мен қаһармандық келбеті шебер суреттеледі.