Bilim Media Group директоры Рауан Кенжеханұлы блогер, журналист Денис Кривошеевтің БАҚ-та жарияланған материалына жауап қайтарды. Ол өзі басқаратын компанияның жұмысы заңды әрі ашық екенін айтты.

Денис Кривошеев Қазақстанның білім беру саласы туралы мақаласында Bilim Media Group өкілдерін “компания мен оған қатысты құрылымдарды мемлекеттік сатып алу арқылы бюджет қаражатын алу үшін ғана құрған” деп мәлімдеді. Блогер Bilim Media Group пен мемлекет арасындағы 6 мыңға жуық келісімшарттың саны мен сол арқылы игерілген қаражаттың көлеміне таңданып, қазына қаржысына негізделген бизнестің заңды жұмысына күмән келтірді.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жарияланған мақалада келтірілген цифрлар мен дәйектер нақты емес.

Мақалада біздің барлық жобамыз туралы айтылмаған. Сондықтан әр жобаның қорытындысын талқылап отыру қиын. Оның ішіндегі мемлекеттік тапсырыс біздің барлық жұмысымыздың жартысына да жетпейді. Егер сандарды бүге-шүгесіне дейін талқылаймыз десеңіздер, мархабат, бізге келіңіздер. Авторға хабарласып, сұхбат жазуды сұрадым. Бірақ ол сұхбатты кейінге қалдырды. Біз жұмыс істеген 8 жылда білім беру саласына бірнеше министр келіп-кетті. Ал салада шешілуге тиіс көп проблема бар. Біз сол мәселелерді жүйелі түрде шешкіміз келеді, – дейді Bilim Media Group басшысы.

Bilim Media Group құрамына бірнеше жоба, бірнеше қоғамдық қор кіреді. Рауан Кенжеханұлы Денис Кривошеев БАҚ арқылы компанияның беделіне негізсіз нұқсан келтірді деп есептейді. Бұл жағдай шетел компанияларымен тығыз жұмыс істеуге кедергі болуы мүмкін. Bilim Media Group басшысының айтуынша, ол басқаратын компания бәсекелестер арасында текетірес тумауын жіті қадағалайды.

Бізге сеніп отырған, тығыз байланыста жұмыс істейтін шетел компаниялары бар. Осы компаниялармен қарым-қатынасты нығайтуға 8 жыл бойы күш салдық. Біріншіден, Bilim Media Group шетел компанияларымен жұмыс істегенде олардың заңына қатаң бағынады. Екіншіден, біз білім саласында жұмыс істейтіндіктен қызметіміздің ашық әрі әділ болуын құндылық деп білеміз. Көпке ашық болуымызды біз тығыз жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар да талап етеді. Үшіншіден, Bilim Media Group өзге компанияларға әділ бәсекелес болуды мақсат етеді. Біздің атымыздан басқа ұйымдарға негізсіз болжам айтылып, жала жабылуына жол бермейміз. Олардың да осындай қағидамен жұмыс істеуін сұраймыз, – дейді Рауан Кенжеханұлы.

Рауан Кенжеханұлы атышулы материал авторын сотқа беруге дайын екенін мәлімдеді.

Үлкен мекеменің беделіне нұқсан келіп тұрған соң бұл материал жөнінде авторды сотқа беру мүмкіндігін қарастыруға құқылымыз. Заңгерлер материалды зерттеп, оның заң нормаларына сәйкестігін тексеріп жатыр. Автордың да жауапты болуын сұраймыз, – деді ол.