Парижде қазақ әдебиетінің французша жинақтары таныстырылды

30 қыркүйекте Париж бірінші округінің мэриясында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған және жарияланған қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясы таныстырылды.

Француз тіліндегі қазақ әдебиеті жинақтарын аудару және басып шығару жобасы Париждің бірінші округінің мэриясы мен елорданың мәдени қауымдастығының қолдауымен жүзеге асты. Олардың ұсынысына сай, антологияны әйгілі әдебиет баспасы Мишель де Мюл (Michel de Maule) басып шығарды. Оның өнер мен әдебиетті насихаттау үшін аударма және баспа саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар.

Аида Балаева
Фото: Inform.kz

Баспаның бас редакторы, әйгілі француз лингвисі және ақыны Тьерри-де-Ла-Круа (Thierry de La Croix) әріптестерінің басты міндеті аударманың жоғары көркемдік деңгейін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Бізге Қазақстанға сапар және авторлармен тікелей байланыс көмектесті. Біздің өте танымал шығармашылық ұжымымыз үлкен жұмыс істеді және біз оның нәтижесімен мақтанамыз, — деді баспагер.

Жинақтың таныстырылымына орталық елордалық округтің мэрі Жан-Франсуа Легаре (Jean-François Legaret), Париж мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Аригони (Carla Arigoni), француз оқырмандарына қазақ әдебиетін ұсынған жинақтардың алғы сөзінің авторлары — Франция академиясының тұрақты хатшысы Элен Каррер д’Анко және әйгілі француз ақыны Вернер Ламберси, аудармашылар, жазушылар, журналистер және Қазақстанның Франциядағы елшілігінің жанындағы Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты.

Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

Аида Балаева қазіргі қазақ әдебиетінің үлгілерін аудару, жариялау және тарату — «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының ажырамас бөлігі, оның міндеті Қазақстан киносын, театрын, өнері мен музыкасын кеңінен насихаттау екенін айтты.

Бәрі әдебиетімізге негізделген, бұл — халық рухының өзегі. Сондықтан қазіргі 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындыларын бір уақытта БҰҰ-ның алты тіліне аудару және басып шығару — біздің бүкіл мәдениетіміз үшін маңызды оқиға, — деді Аида Балаева.

Француз тілінде ұсынылған басылымдар барлық ірі французтілді елге жеткізіліп, ірі кітапханалар, университеттер мен академия орталықтарының қорларына жіберіледі. Жалпы алғанда, 220 миллион адам аудиториясы бар 30-дан астам елдегі бес мыңнан астам ұйым қамтылады.

Жоба туралы Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің БҰҰ алты тіліне аудармасы «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты саналады.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазынасын әлем жұртшылығына таныстыру.

ДереккөзІnform.kz