Алматыға Еуропадан пошта арқылы есірткі тасымалданған

ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанға Нидерландыдан Германия арқылы 698 психотроп таблетка жеткізді деген күдікпен 2019 жылдың 6 қарашасы күні Алматының «К» және «Д» деген 2 тұрғыны ұсталған.

Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде тұрғындардың бірінің үйінен 1,5 келі гашиш пен 30 грамм мефедрон заты табылды, мамандар оларды сот-химия сараптамасына жіберді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің мәліметінше, екі күдікті есірткі мен психотроп заттарды интернет арқылы сатқан.

Осы факт бойынша ҚР ҰҚК Алматы бойынша департаменті ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адамдар Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске салайық, өткен қазан айында ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары Алматыда синтетика есірткісін дайындайтын жасырын зертхананы жойған еді. Онда жасалған психотроп заттар Telegram және VIPole мессенджерлеріндегі интернет дүкендер арқылы сатылған.