Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы министрдің Қазақстан әскерінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары туралы есебін тыңдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысына Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою туралы баяндады. Әскери ведомство басшысының айтуынша, еліміздегі барлық оқ-дәрі қоймасына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде аталған нысандарды тиісті қауіпсіздік деңгейіне жеткізу және оңтайландыру жоспары дайындалған.

Қорғаныс министрі ведомствоның орталық аппаратының қызметіне функционал талдау жүргізудің бірінші кезеңі туралы есеп берді. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстың нәтижесінде министрліктің, бас штабтың және әскери басқарманың жергілікті органдарының 300-ден аса штат бірлігі оңтайландырылды. Соның есебінен 2020 жылдан бастап жыл сайынғы үнем 450 миллион теңгеден асады. Бұл қаржы әскери құрамды материалдық тұрғыдан ынталандыруға бағытталады.

Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезекті әскер қатарына шақыру науқанының қорытындылары, қысқы оқыту маусымына дайындық, әскери техникаларды қысқы режимге көшіру, әуе қорғанысы мен әскери-теңіз күштерін дамыту, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық және әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелері туралы да мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді қазіргі заман талабына сай жасақтауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.