Тұңғыш Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің бөлімшелері мен құрамаларының жауынгерлік дайындығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен бірге Нұрлан Ермекбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа осы уақытқа дейін өткізілген және жыл соңына дейін жоспарланған ауқымды жаттығулар туралы да ақпарат берді.

Кездесуде басшылық лауазымдардың санын қысқарту және басқару құрылымын оңтайландыру бойынша жұмыс нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев отандық қорғаныс өнеркәсібінің Қорғаныс министрлігінің мүддесіне сай сапалы жұмысын қамтамасыз етудің маңызын айтты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2020 жылы Нұр-Сұлтанда Жеңістің 75-мерекесі мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадтың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Нұрлан Ермекбаев Қазақстан армиясының құрылыс және даму бағдарламаларының орындалуы туралы баяндады. Қорғаныс министрінің ақпараты бойынша Қарулы Күштерді жан-жақты қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп, қазіргі уақытта әскери техниканың заманауи үлгілері және жүйелерімен жабдықтау, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Еске салайық, 2019 жылдың 18 cәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдаған еді. Ол кезде министр Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы мен Қарулы Күштердің қазіргі жағдайы және әскерді қазіргі заманғы қару-жарақпен қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімдеді.