Сәулетшілер сала корифейі Малбағар Меңдіқұловты еске алды

Малбағар Меңдіқұлов 1964-1971 жылдары Алматының бас сәулетшісі болып қызмет етті. 1971 жылы салынған Неке сарайының жобасын сызды. 1967 жылы Қазақ академиялық опера және балет театры жанындағы алаңға қойылған Мұхтар Әуезов пен 1971 жылы Қазақ опера және балет театры саябағына орнатылған Жамбыл Жабаев мүсіндері сәулетшінің идеясымен орнатылды.

Қазіргі Қаныш Сатбаев атындағы университетте 1957 жылы құрылысшылардың, 1961 жылы сәулетшілердің факультеті ашылды. Кейін екі факультет сол кездегі Сулейман Демирел атындағы мектептің ғимаратына көшкен. Малбағар Меңдіқұлов осы ғимаратта студенттерге сабақ берді. Бұл жерде Қазақстанның құрметті сәулетшісі Маян Ізбасарова да оқытушы болып істеді.

Маян Ізбасарова сәулетшіні Алматыға Төлеу Бәсенов әкелгенін айтты.

Малбағар Меңдіқұлов бұған дейін Ташкентте жұмыс істеген. Елге келген соң Маңғыстау жақтағы архитектура ескерткіштерін көп аралады. Кейін Шопан Ата, Бекет Ата, Асан Қожа, Сейсен Ата сияқты кесене-кешендер жайлы құнды материалдар жазды. Оны ғимараттардың сонша ғасыр сақталып тұрғаны, олардың қалай салынғаны қызықтырды. Біліп, түсінгенін кейін Алматының ғимараттарын жобалағанда пайдаланып жүрді, — деді Маян Ізбасарова.

Жуырда Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында «Сәулет пен құрылыстың өзекті проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми шара қос сәулетші Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңдіқұловтың 110 жылдық мерейтойына арналды.

Малбағар Меңдіқұлов, 110 жыл
Фото: Айгүл Хожантаева

Малбағар Меңдіқұлов 1909 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. Ол — КСРО құрылыс және сәулет академиясының мүшесі. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1953-1955 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Архитектура, құрылыс және құрылыс материалдары институтының директоры, 1955-1956 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жанындағы архитектура істері басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Қазақ архитектурасын зерттеу саласында 70-тен астам ғылыми еңбек, төрт монография, «Қазақ архитектурасының тарихы» атты екі томдық кітап жазған. 1986 жылы Алматыда қайтыс болды.