2019 жылдың қаңтар-тамызы аралығында Қазақстанда 10 109 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2018 жылдың 8 айымен салыстырғанда 4,6% көп. Биыл жол-көлік оқиғаларынан барлығы 14,9 мың адам зардап шегіп, 1,3 мың адам — 959 ер адам, 377 әйел адам қайтыс болды. Апаттан қаза болғандардың 146-сы кәмелетке толмаған.

Биылғы 8 айда жол-көлік оқиғалары Алматыда (3,1 мың), Алматы облысында (1,5 мың) және Жамбыл облысында (794) көп тіркелген.

2018 жылдың 12 айында барлығы 15,8 мың жол-көлік оқиғасы болды. Көрсеткіш 2017 жылмен (17 мың оқиға) салыстырғанда 7,3% аз. Былтыр 22,5 мың адам зардап шеккен, оның 20,4 мыңы жарақат алып, 2,1 мыңы қайтыс болды.

Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының кең тараған түрі — жаяуларды қағып кету. Мұндай оқиға 2018 жылы болған жол апаттарының 42,3%-іне тең. Жолдағы апаттың 35,8%-і көліктердің соқтығысуы болған. 8,1%-і — автокөліктердің аударылуы. Жиі болатын жол-көлік оқиғаларының қатарында автокөліктердің жол кедергісіне соғылуы (4,8%) мен жолаушының көліктен шығып кетуі (3,1%) де бар.

Ranking.kz сарапшылары 2019 жылдың тамызының соңында Қазақстанда 3,7 миллион жеңіл автокөлік тіркелді деп отыр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8% аз. Биыл есепке алынған автокөліктердің 94,5%-і жеке тұлғаларға тиесілі.