Нұржан Тоқсейітов: Бұқтырмада қысқарып қалған бірде-бір адам жұмыссыз қалмайды 

Шығыс Қазақстан облысы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.

Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, бұл мәселе облыс басшылығының бақылауында. Аудан әкімдігі мен жұмысшыларды қысқартқан компания басшылығы арасында келіссөз жүргізілген. Соның нәтижесінде қысқартуға ұшыраған бірде-бір адам жұмыссыз қалмайды.

Қазірдің өзінде 11 адам жұмыспен қамтылған. Олардың алтауы — зейнеткер. 40 азамат «ВГС» ЖШС, «БСЦ» ЖШС және «Vк Атлант» ЖШС компанияларына жұмысқа орналасты. Ал қалған 22 жұмысшыны жұмысқа орналастыру үшін компания 2 күн уақыт сұрап отыр.

Қазір осы мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Барлық жағдайды облыс әкімі Даниал Ахметов бақылап отыр. 22 адам «Бұқтырма» цемент зауытында жұмыс істейді. Егер оларға ұсынылған жұмыс көңілдерінен шықпай жатса, басқа жұмыс тауып береміз, — деді Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан обылсы әкімі Даниал Ахметов Facebook-парақшасында осы жағдайға қатысты тиісті органдар қысқартудың заң нормаларына сәйкес екенін тексеретіні жайлы жазды. Апта соңына дейін барлық азамат жұмысқа орналасады.

Бірінші кезекте біз адамдардың жағдайын ойлауымыз керек. Ешкім жұмыссыз қалмайтынына сөз беремін. Ауданның әр тұрғыны атқарушы билік тарапынан жасалатын қамқорлықты сезінуі керек. Біздің саясат — осы, — деді Нұржан Тоқсейітов.