Нұрсұлтан Назарбаев: Халық Түркістанның дамуын қолдап отыр

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол әуелі жаңа Неке сарайының жұмысымен танысып, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлармен әңгімелесті, отау иелерін құттықтап, бақыт-береке тіледі.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған процесімен танысты. Оған мамандар «бір терезе» қағидасы бойынша ыңғайлы әрі сапалы қызмет көрсету шаралары жөнінде ақпарат берді.

Түркістанда жаңа музыка мектебі де ашылған. Ұжым мүшелері Тұңғыш Президентке өңірдегі өнер мен мәдениет саласының дамуы туралы мәлімет берді. Бұл жерде балалардың шығармашылық ұжымдары бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев құрылысы аяқталған «Алатау» медиаорталығы ғимаратында өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған бөлмелерді көріп, журналистерге Түркістанда салынып жатқан жаңа нысандар құрылысының қарқыны туралы айтты.

Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент Түркістан облысы әкімдігіндегі жаңа әкімшерлік-іскерлік ғимаратында да болып, қаланың рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмысының аралық нәтижелерімен және Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауының қызметімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа туризм индустриясын дамыту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобалары туралы баяндалды. Тұңғыш Президент болашақта салынатын «Түркістан» халықаралық әуежайы мен 600 орындық көпбейінді аурухананың үлгілерін де көрді.  

Елбасы сапарының қорытындысы бойынша журналистерге брифинг өткізді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, брифинг
Фото: Elbasy.kz

Былтыр облыс орталығын көшіру туралы жарлыққа қол қойған соң ауқымды құрылысты бастадық. Бүгін мен орасан зор ғимараттарды аралап көрдім. Көп жаңа нысан бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақүйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдіктің инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру жоспарлары туралы айтты. 

Бір жыл ішінде көп жұмыс істелді. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысатынын растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала — Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты мәселелер болған еді. Енді Нұр-Сұлтан барлық шығынды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан мен осы өңірдің туризм әлеуетін дамытудың маңызы неде екенін айтты.  

Біз мұнда көп турист тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп есептейді. Туризм ­- экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көп мұражай бар. Қазір «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркі құрылып жатыр, — деді Тұңғыш Президент.