Нұрсұлтан Назарбаев Лукашенкоға: Досыңыз болып қала беремін

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға келген Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы достық қатынастарды сақтау және одан әрі дамыту қажет екенін айтты. 

Біздің елге сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Біз талай қиындықтан бірге өттік. Осы жылдардың ішінде бір-бірімізден біраз нәрсе үйрендік. Қазір әлем айтарлықтай өзгеріп жатыр. Мұндай жағдайда қол жеткізген жетістіктерді сақтап қалу маңызды. Сізді Беларусь Республикасына сіңірген барлық еңбегіңіз бен адами қасиеттеріңіз үшін құрметтеймін. Сонымен бірге Сіздің сенімді досыңыз болып қала беремін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Александр Лукашенко Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өңірлік интеграциялық бірлестіктер аясында ынтымақтастықты дамытудағы роліне жоғары баға берді. 

Сізді Жоғары Еуразия экономика кеңесінің құрметті төрағасы ретінде Санкт-Петербургте өтетін кеңес отырысына шақыру жөнінде ортақ ұсыныс түсті. Бұл басқосуда алдағы перспективаларды айқындаймыз. Тағдыр Қазақстан, Беларусь пен Ресейге посткеңестік кеңістіктегі осы интеграцияның ядросы болуды жазды. Қазақстан Сіз арқылы әрқашан осындай интеграцияның бастамашысы болды. Сондықтан жұмысты осы қарқынмен жалғастыру керек, — деді Беларусь Президенті.