Желтоқсанда неше күн демаламыз?

2019 жылдың желтоқсанында мереке күндеріндегі демалыстың бірі жұмыс күніне ауысады. Сөйтіп бұл айда демалыс күні көп болады.

Қыс мезгілі
Иллюстрация: Dribbble.com ©Brian Edward Miller

2019 жылы желтоқсанда қазақстандықтар 12 күн демалады. Биыл 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні жексенбіге түсіп тұр. Сондықтан бұл демалыс 2 желтоқсанға ауысады. Ал Тәуелсіздік күніне орай қазақстандықтар 16 және 17 желтоқсанда демалады.

2019 жыл, мереке, күнтізбе
Инфографика: Egov.kz

Тұңғыш Президент күні 2012 жылдың 1 желтоқсанынан аталып өте бастады. Бұл мерекені атап өту туралы шешім 2011 жылы 10 желтоқсанда қабылданды. Ол кезде ҚР Сенатының жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының мерекелері туралы” заңына толықтырулар енгізу туралы” заңы қабылданды. Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет алдындағы ерен жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылған.

ҚР Тәуелсіздік күні – мемлекеттік басты мереке. Ол жыл сайын 16 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл күні 1991 жылы Жоғарғы Кеңес Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттің егемендігі туралы заңды қабылдады. Республикада ұлттық мерекеге орай демалыс күні болып есептеледі және келесі күн – 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні болып жарияланған.