МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmaty
«БізАлматы» жобасының логотипі

Материал Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан «БізАлматы» жобасы аясында әзірленді.

«Зағип және көзі нашар көретін жандардың ерекше дарыны болады», — дейді Фархад Юсупжанов. «Жігер» мүгедектігі бар жастар ұйымы президентінің жанары 2% қана көреді. Бірақ бұл оның жетістікке қол жеткізуіне кедергі болмаған. Бес тілді жетік меңгерген, 30-дан астам елде саяхаттап, бакалаврды Жапония, магистратураны АҚШ университетінде оқыған. Қазір халықаралық тәжірибесін Қазақстанда пайдаланып, зағип және нашар көретін жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында еңбектеніп жүр.

Фархад орта білімді Н.Островский атындағы №4 мектеп-интернатта алған. Бала кезінен оқуға құштар болып, тіл үйреніп, шетелде білімін жалғастырғысы келген. Оның қатарластарының да қалауы осы болған екен. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 13 дос бірігіп, зағип және көзі нашар көретін жандардың құқығын қорғап, оларға жағдай жасайтын «Жігер» ұйымын құрды. Ұйым 12 жылдан бері бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп келеді.

Мүгедектігі бар жандар арасында ақпарат теңсіздігін азайту, олардың жоғары білім алу мүмкіндігін арттыру, Қазақстанда және шетелде құқығын қорғау, жастардың потенциалын арттыру бағыттарында жұмыс істеп келеміз. Түрлі жобаны жүзеге асырдық. Халықаралық тәжірибені пайдаланып, Қазақстанда ЖОО-ға түсу мүмкіндігін арттыру бойынша алғашқы орталықтарды аштық. Оларды қажет құралдармен жабдықтау бойынша да көмектесіп келеміз, — дейді Фархад Юсупжанов.

Жігер ұйымы
Фархад Юсупжанов пен Бағлан Әбдікәрім. Фото: Айгүл Хожантаева

Порталымызда бұған дейін «Жігер» ұйымының белсенді мүшелерінің бірі Бағлан Әбдікәрім туралы материал жарияланған еді. Оның өмірге, өнерге құштарлығы, қоғамға жасап жатқан игі істері туралы жазылды. Бағлан қазір ұйымда «Алатау – қолайлы аудан» жобасын жүргізіп жатыр. Ұйым бұл жобаға грантты Британ кеңесі ұйымдастырған байқаудан жеңіп алған. Сол бойынша қазір аудандағы 10 мекемені зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға қолайлы етуге күш салып жатыр. Мысалы, Халыққа қызмет көрсету орталығына, бір-бір дәріхана мен емханаға, мектепке Брайль шрифті бар тақтайшалар, дыбыс шығаратын құрылғылар орнатып шықты. Енді осы мекемелерге барған көзі көрмейтін азамат қажет кабинетті басқалардың көмегінсіз өзі таба алады. Зағиптармен қарым-қатынас жасау ерекшелігі туралы арнайы тренингтер де ұйымдастырып келеді.

Бұл санаттағы азаматтардың біршамасы Алатау ауданында тұрады. Өйткені оларға мемлекеттің үйі осы ауданнан беріліп жатыр. Әзірше бұл — біз үшін пилот жоба. Алдағы уақытта қала деңгейінде өткізгіміз келеді. Жобаны жүргізбес бұрын зағип және нашар көретін азаматтар арасында «Бірінші қай мекемелерді ыңғайлы ету керек?» деп сауалнама жүргіздік. Сол бойынша 10 объектіні таңдап алдық. Құжаттарын реттеп, ұйымдастырып, қажет құрылғыларды орнаттық. Жуырда жобаны мерзімінен бұрын аяқтап қаламыз, — дейді Бағлан Әбдікәрім.

Фархад Юсупжанов, Бағлан Әбдікерім
Фото: Айгүл Хожантаева

Ұйымның президенті Фархад Юсупжанов бұл істің барлығын ерекше құлшыныспен орындайтынын айтты. Оның ойынша, алған білімді қоғамға қайтару керек.

Өзімізге қажет нәрсені жасап, содан рақат аламыз. Таңертең электрон поштамызды тексеріп, хаттарға жауап жазамыз. Координация жасаймыз. Күні бойы кеңседе отыра бермейміз. Объектілерге баруымыз керек, тексереміз, көмектесеміз. Кейде іссапарларға шығамыз, — дейді ол.

«Жігер» ұйымы қазіргі уақытта әсіресе инфрақұрылымға көңіл бөліп отыр. Себебі мүгедектігі бар адамдар үшін бұл — ең басты бағыттардың бірі.

Адамдар пандус, лифт қойылса, осының өзі жеткілікті деп ойлауы мүмкін. Дыбыс навигациясы, қызмет көрсетуге әзір персонал, тақтайша, әйнек есіктерге арналған дөңгелектер, осы сияқты тағы басқа қажеттіліктерді де ойлау керек. Оны біз де ескертуіміз қажет. Қолжетімділік деген — комплекс ұғым. Оған тек дене мүмкіндігі емес, басқа да категория енуі мүмкін, — дейді ұйым президенті.

Алатау ауданы Халыққа қызмет көрсету орталығындағы тренингтен кейін. Фото ұйымның жеке архивінен

Ұйым Парламент Мәжілісімен, министрліктермен, университеттермен, кітапханалармен, басқа да ұйымдармен бірге жұмыс істейді. Шетелдерде де серіктестері бар.

Заң кітаптарын дыбыстадық. Қаржы, Қылмыстық, Азаматтық, Салық кодекстері, тағы басқа заңдар туралы кітаптар шығардық. ЖОО-ға тапсырушы зағиптарға арнап оқу құралдарын да жасадық. Онда «Қай салаларға грант бар? Қандай құжат жинау керек?» деген сияқты сұрақтарға жауап ұсынамыз. Тапсырыс бойынша Брайль шрифтімен, DAISY стандартымен кез келген кітап баса аламыз. Ұйым мүшелері бұл салаға әбден маманданған. Брайльдің қолданушылары ретінде сапалы материал дайындаймыз деп айта аламыз. Корректор, редакторларымыз бар. Құрылғыларымыз да түгел. Ұйымдағы жігіттер осы бойынша жеке кәсібін де ашып, жұмысын жүргізіп отыр, — дейді Фархад Юсупжанов.

«Жігер» мүгедектігі бар студенттердің білім алуына жан-жақты қолдау көрсетуге тырысады. Ұйымдағылардың көбі шетелде білім алып келген, тәжірибе алмасқан. Мұның мүмкін екенін басқаларға да жеткізгізі келеді. Шетелдегі зағип жандарға жасалған жағдайды байқап, ондай игілікті Қазақстанға да енгізуді жоспарлайды. Тифлокомментариймен (видеодағы қимыл мен бояуды ауызша баяндау) фильмдер де шығарғысы келеді.

Брайль шрифтіндегі мектеп оқулықтарын жеткілікті санға жеткізсек дейміз. Мұндай кітаптармен оқытатын тек екі мектеп бар. Қалған мектептердегі оқулықтар екі класты ғана қамтиды. Жоғары білім алуға зағип және көзі нашар көретін азаматтарымыздың қолын жеткізіп, олардың нарыққа қажет маман болуына көмектескіміз келеді. Осы бағыт бойынша Білім және ғылым министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз, — дейді ұйым басшысы.

«Жігер» мүшелері білім алуға ерекше ден қояды. Ұйым басшысының өзі орыс, неміс, жапон, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Тай тілін де біледі. Ұйымның жұмысынан бөлек, аудармашы-синхронист болып жұмыс істейді. Басқалары да ағылшын тілін жақсы меңгерген. Өзара ағылшынша жиі сөйлеседі екен. Ұйымның көшбасшыларды дайындау туралы да бағыты бар. Жеке кәсіптерін де жүргізеді, тұрақты жұмыс істеп жатқандар да бар.

Бұрынғымен салыстырғанда қазір мүмкіндік өте көп. Технология дамыды, мемлекет, халықаралық ұйымдар түрлі бағытта қолдау көрсетеді. Кез келген адам ішкі тәртібін сақтай білсе, міндетті түрде жетістікке жетеді. Сол себепті ең маңыздысы — тәртіп. Адамда жауапкершілік, өзін-өзі сыйлау қасиеті болса, барлық мақсатына жете алады, — дейді Фархад Юсупжанов.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!