— Бағлан, оқиғаңыз неден басталады? Жанарыңызды қалай қайтардыңыз?

— Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тумасымын. Үйде төрт қыздың ішінде жалғыз ұлмын. Өкінішке қарай, дүниеге зағип болып тудым. Бірақ анам менен бас тартпады. Сондықтан анама өмір бойы алғысымды айтып өтемін. Бір жасқа толғанымда Алматыдағы көз институтында операция жасапты. Сәтті операциядан соң көзім жақсы көре бастады. Бірақ ауылда тұрған соң емді уақытылы алмадым. Сол себепті көзімнің көруі де нашарлай бастады. Оған қоса, ата-анам қатардан қалмасын деп мені Ідіріс Үргенішбаев атындағы №40 жалпы білім беретін мектепке берді. Алайда  жылдан жылға көзімнің көруі нашарлап, мұғалімдер ата-анама сабақ үлгерімімнің төмендегенін айтты. Содан 10 жасымда Алматыдағы көз институтына келдім. Дәрігер уақыт жоғалтып алғаныма байланысты көзіме ештеңе істей алмайтынын айтты. Осы жағдайдан соң дәрігерім  Николай Островский атындағы зағиптер және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернатыда оқуды ұсынды. Содан 10 жасымда қайтадан 1-сыныпқа қабылданып, арнайы бағдарламамен 12 жыл білім алдым. Музыка мектебінің баян класына да барып, арнайы куәлікпен бітірдім. Музыкаға жастайымнан жақынмын. Мектепте тек сабаққа емес, қоғамдық жұмысқа да белсене араластым.

Бағлан Әбдікәрім
Бағлан Әбдікәрім. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Жоғары оқу орнына қалай түстіңіз?

— Мектепті бітіретін жылы ҰБТ тапсырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану факультетіне оқуға түстім. Бір ескеретіні, ауылда қазақша оқысам, Алматыдағы мектепті орыс тілінде бітірдім. Өйткені ол кезде қазақ бөлімі жоқ еді. Жоғары оқу орнына да сәйкесінше орыс бөліміне түстім. Он екі мүшесі сау адамдармен бірге оқыдым. Иә, оқуға түскенде зағип болуым біраз жеңілдік болды. Бірақ сабақ кезінде бәрімен бірдей оқу бағдарламасымен білім алдым. Оқытушылар жазбаша тапсырмаларды орындауға келгенде маған бір күн қосып беретін еді. Жатақханада тұрдым. Бірге оқитын группаластарымның маған көмегі көп тиді. Олардың да маған аяушылықпен емес, дос ретінде көмектескенін қаладым. Себебі ауылда оқығанда да бала кездегі достарым менімен бірге ойнап, өздерімен тең көрді. Бұл да менің бақытыма орай шығар. Сондықтан мен қоғамнан шеттетуді көрмедім және оған жол бергім келмейді. Бакалаврды да бітірдім, бірақ магистратураға тапсыруға ағылшын тілінен санаулы балл жетпей, түсе алмадым. Алайда өкінбеймін. Қазір өзіме ұнайтын жұмыс істеймін. Болашақта өзімді және отбасымды қамтамасыз ететін бизнес ашқым келеді.

— Жұмысқа орналасу қиын болды ма?

— Қазір зағип жандарға арналған Қаратал корпоратив қорының басшысымын. Оған дейін жұмыспен қамту орталығы арқылы өндірістік жерде, яғни тігін цехында жұмыс істедім. 2017 жылы №1 өндірістік кәсіпорынға әкімшілік штатына жұмысқа кірдім. Кейін зағип жандарға арналған Қызылжар корпоратив қорында жұмыс істеуге ұсыныс болды. Ойлана келе, ұсынысты қабылдап, қыста Петропавлға кетіп қалдым. Бұл шешім мені біраз өзгертті. Бір жағынан өзімді комфорт зонасынан шығарып, танымайтын қалада сынадым. Уақыт өте келе қайтадан Алматыға ауысудың реті келіп, қызметіме оралдым. Жұмысқа орналасарда қиындықтар болды. Ол өз ретімен болатын нәрсе ғой. Сондықтан оған еш мұңаймау керек. Тағдырдың бұйрығымен берілетін қиындық болады. Оны тек жеңе алатын адамға береді. Сол себепті қара аспанды төңдірудің қажеті жоқ. Жалпы жолы болғыш адаммын-ау. Ел қатарлы оқуымды да бітіріп, жұмысқа да орналастым. Маған әрқашан қамқор жұбайым және «әке» деп жақсы көретін екі балам бар. Бәрі жақсы. Ал қиындық болады. Тек сабырмен жеңу керек. Бәрі біз ойлағандай бола берсе де, қызық емес қой.

Бағлан Әбдікәрім
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қоғамда зағип жандарға көзқарас қандай?

— 15 жыл бұрын қоғамда зағип жандарға қатысты бір қорқыныш болды. «Көзі көрмейді, далада не істеп жүр? Үйінде жәрдемақысын алып жатпай ма?» деп ойлайтындар бар. Бірақ қазір қоғам өзгерген. Адамдардың ойы да, көзқарасы да басқаша. Әрқашан көмектесуге  әзір тұратын жан көп. Сыртта жүргенде ғимаратқа кіру үшін есік таба алмай жатсаң, жолдың арғы жағына өту керек болса да, көмектесетін адамдар бар. Олар бұл әрекетті қорықпай, шын көңілмен істейді. Бұл мені қатты қуантады. Қалай көмектесерін біле алмай, бірақ іштегі қорқынышын жеңе алмай тұрған адамдарды да кездестіруге болады. Бізге жәрдемақы беріліп жатыр, мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп те жатыр. Алайда бәрі өзімізге байланысты. Сондықтан проблемамды айтып, әркімге шағымданғым келмейді. Жаратылыс осылай болыпты. Өмірге ешқандай өкпем жоқ. Есесіне мен өте жақсы естимін. Тіпті, ән жазғым келеді.

Бағлан Әбдікәрім
Бағлан Әбдікәрім. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Мотивацияны қалай түсінесіз?

— Мотивация — өмір сүрудегі сенің әрекетің және ол міндетті түрде іске асырылуы керек. Көңіл-күйім болмағанда ән тыңдаймын. Жанр талғамаймын. Қайсысы ұнайды — соны қосып қоямын. Нота білетінім бар. Автор ретінде ән жазғым келеді. Алдағы уақытта фортепианода жазуды қолға аламын. Бұрын табиғат аясында отырып алып, өлең жазатын едім. Бірақ уақыт өте келе оған да мән бермей кеттім. Ал шабытты табиғаттан аламын. Тіршілік үшін күресіп жатқан әрбір жәндік адамға мотивация болуы керек. Жалпы өмір сүре білетін адамға қиындықтың да берекесі бар.

— Әңгімеңізге рақмет!