Кездейсоқ пайда болған өнертабыстар

Пеницилиннің қалай ойлап табылғаны баршамызға белгілі. Александр Флеминг деген ғалым демалысқа кетерде стафилококк бактериясы бар Петри құтысының бетін жабуды ұмыт қалдырып, келгенде бетіне өскен саңырауқұлақтарды көреді. Осыдан алғашқы антибиотик жасалған еді. Бұл ғылымдағы кездейсоқ ашылған жалғыз жаңалық, жалғыз өнертабыс емес.

Сіріңке

sirinhke-2

Тұрмыста күнделікті қолданылатын осы бір ұсақ, әрі маңызды затты Джон Уокер деген фармацевт ғалым ойлап тапқан.  Ол дәрі жасап жатып, химикаттарды ағаш таяқшамен араластырған. Жұмыс соңында таяқшаларының ұшына бір заттың қатып қалғанын көреді. Оны қырып кетірмек болғанда ол жанып кетеді. Осыны көрген фармацевтке оңай от жағуға болатын  құрал жасау туралы ой келеді.

Бастапқыда қатты қағаздан жасалған сіріңкелерді жасап, өзінің дәріханасында сатты. Кейін қағазды 7 сантиметрлік таяқшалармен алмастырды. Барлық сіріңке талдарын бір қорапқа салып, оларды үйкеп жағу үшін қорап жанына  егеуқұм қағазын жабыстырды. Алайда, Джон Уокер бұл өнертабысын өз атына патенттемеген екен. Соған қарағанда,  адамзат баласына пайдалы зат болғанын қаласа керек.

Микротолқынды пеш

mikrotolqyndy-pesh

Микротолқынды пеш —  Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-та жасалған әскери зерттеу кезінде туған өнертабыс. Оны ойлап тапқан Перси Спенсер деген маман. Ол электр шамдарын ойлап табуға қатысқан ғалым. Бұл  «Манхэттен» жобасынан кейінгі ең маңызды бағдарлама еді. Спенсер жұмыс істеп тұрған радардың жанында тұрып, қалтасындағы шоколад кәмпиттің еріп кеткенін көреді. Бұл үдеріс ғылымға бұрыннан белгілі еді, бірақ  Спенсер – оны зерттеген бірінші адам. Ол өзінің әріптестерімен бірге радардан бөлінген сәулені түрлі тағамдарға қолданып көрді. Біріншісі, жүгері дәндерін сынап, оның попкорнға айналғанын көрді. Кейін тауық жұмыртқасына тәжірибе жасағанда ол жарылып кетті.

Соңыда Спенсер электромагнитті генераторды метал қорапқа орнату керек деген шешім шығарады. Осылайша микротолқынды пеш пайда болады. Бұл өнертабыс тұрмыста бірден қолданылған жоқ. Алғашқы нұсқалардың биіктігі 2 метр еді, олардың шағын түрлері тек 1967 жылы ғана шығарылды.

Жедел таңғы ас

zhuregi

Ағайынды Джон Келлог  пен Уилл Кит есімді дәрігерлер Мичиган шатытындағы Бэттл Крик сауықтыру орталығында жұмыс істейтін. Бұл орталықтың емделушілеріне ет жеп, ішімдік ішуге, кофе ішуге тыйым салынған. Ағайындылар емделушілеріне кофенің орнына  бидайдан сусын жасап беретін. Күндердің күнінде ағайындылар сөлі алынған бидайдың қауашақтарын жинауды ұмытып кетеді. Асүйге келгенде олардың кеуіп қалғанын көреді де, тастауға қимай, пресске салады.  Осылайша алғашқы құрғақ таңғы ас пайда болады. Кейін ағайындылар оны патенттеп алды да, салауатты тамақтау өнімі ретінде сатылымға шығарды.

Post-it жабысқақ қағаздары

post-it

1968 жылы америкалық  3М корпорациясының қызметкері Спенсер Сильвер  өте қатты жабысатын клей ойлап табу үшін тәжірибе жүргізеді. Алайда, тәжірибе сәтсіз болып, соңында тым әлсіз жабыстыратын клей шығады. Онымен жабыстырылған заттарды бір-бірінен ажырату ешқандай күш талап етпейтін. Алайда, Сильверс бұл клейді ешқайда қолданбайды. Оның іске жарайтынын Сильверстің семинарына келген Арт Фрай анықтайды. Ол клейді кітаптың қай бетіне келгенін ұмытып қалмас үшін, кітап парақтарын бүктеп жабыстыруға қолдану туралы ұсыныс айтады. Кейін оны кішігірм қағазға жағып, кітапқа жабыстырады. Осылайша Post it парақшаларының алғашқы нұсқасы пайда болды. Алайда ол 6 жыл бойы 3М корпорациясының ішінде ғана қолданылып келген. Тек 1980 жылы ғана нарыққа шығарылды.