Димаш Құдайберген Иван Ургантқа шапан кигізді

Димаш Құдайберген «Первый канал» арнасындағы «Вечерний Ургант» бағдарламасына қонақ болды.

Бағдарлама 31 қазанда (Нұр-Cұлтан уақыты бойынша 1 қараша күні сағат 02.25-те) көрсетілді. Димашпен бірге бағдарламаға композитор, әнші, продюсер Игорь Крутой және мәнерлеп сырғанаушы,  Сочи Олимпиадасының чемпионы Аделина Сотникова қатысты.

Қазақстан әншісі «Вечерний Ургант» бағдарламасының жүргізушісіне шапан кигізді.  Димаш Құдайберген қазақтар сыйлы адамдарға шапан кигізетінін айтты.

Ал бағдарлама жүргізушісі Иван Ургант мұндай киім өзінде және актер Николас Кейджде бар деп әзілдеді.

Бағдарлама жүргізушісі Иван Ургант Димаш Құдайбергеннен әлемге әйгілі актер Джеки Чанмен қалай кездескенін сұрады.

Қытайдағы I’m a singer жобасының бірінші туры аяқталды. Осыдан кейін Қытайдағы және басқа елдерде менің тарихым басталды. Бірнеше күннен соң Джеки Чанның менеджері хабарласты. Бұл туралы менің ассистентім айтып берді. Ол кездесудің уақытын белгіледі. Мен есікті ашарда қалай дірілдегенім есімде. Ол өмірде өте қарапайым болып шықты. Менің ойымша, ұлы адамдар өзін осылай ұстауы керек, — деді Димаш Құдайберген.

Композитор Игорь Крутой Instagram-парақшасына «Вечерний Ургант» бағдарламасының студиясында түсірілген видеоны жариялады.