Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Шымкент әкімі Ерлан Айтахановты қабылдады.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды облысының әкімі Мемлекет басшысына биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, әлеуметтік инфрақұрылым ахуалы, денсаулық сақтау және білім беру нысандары мен тұрғын үй және автожол құрылысы туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев оған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын, жылу беру маусымын, атаулы әлеуметтік көмектің берілуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен қалаға қосылған аумақтардың инфрақұрылымын дамыту туралы баяндап, Шымкентті дамытудың үшжылдық жоспарын туралы баяндады. Президент әкімге қала төңірегінде электр қуаты, газ, ауызсу мен жол сияқты инфрақұрылымды жақсарту қажет екенін айтты.