Спорт, демалыс ұйымдастыру, ойын-сауық салаларында қызмет көрсету 7,1%, кино және аудиожазба өндірісі 6% азайды, шоу-бизнес бойынша қызмет көрсету былтырғы деңгейінде тұр.

Energyprom.kz мәліметінше, 2017-2018 жылдары аталған салаларда көрсеткіш жақсы болған. Былтыр кинематограф пен дыбыс жазу секторы 41,8%, шоу-бизнес 14,5% артқан. 2017 жылы кинематограф бір жылда 1,5 есе, шоу-бизнес 26,5%, спорт саласындағы қызмет 20,9% артқан. Ойын-сауық индустриясының даму динамикасы нарық 2017 жылы болған екі ірі ауқымды шара — Қысқы Универсиада мен EXPO көрмесі есебінен қалыптасқан маркетинг ресурсын жұтып қойғанын көрсетті.

Мамандар ойын-сауық пен танымдық шараларды ұйымдастыру мен өткізуге жауапты салалар мемлекеттік қолдауға әбден тәуелді екенін айтып отыр. Шығармашылық, өнер, ойын-сауық салаларында көрсетілген қызмет көлемінің 59%-і мемлекеттік компаниялар қаржысына тиесілі. Спорт, демалысты ұйымдастыру және ойын-сауық салаларында мемлекеттік сектор қаржысының үлесі — 44,2%. Energyprom.kz  талдауына қарағанда мемлекеттік компаниялар ғылыми зерттеулерден гөрі осы аталған салаларға көп көңіл бөледі, мемлекетке қарасты кәсіпорындар қаржысының ғылымдағы үлесі — 25% қана.

Ауқымды танымдық және ойын-сауық шараларын өткізу — тәуекелі өте көп бизнес. Инвестицияның қайтарылмай қалу қаупі жоғары, сала сыртқы жағдайларға, тіпті ауа райына дейін әбден тәуелді, логистикаға көп шығын кетеді. Туризм саласы көп шара өткізуді қажет ете тұра, Қазақстанда туристердің үлкен трафигіне кепілдік беретін ірі ивенттерді ұйымдастырушы роль атқаратын коммерция компаниялары жеткіліксіз, — дейді Energyprom.kz мамандары.

Қазіргі кезде қонақүй инфрақұрылымын мейлінше пайдалану деңгейі де төмен болып тұр. Биылғы бірінші жартыжылдықта қонақүйлер республика бойынша 22,3% деңгейде ғана толған. Алматыда бұл көрсеткіш — 26,5%, Нұр-Сұлтанда 23,5%, 2017 жылы қонақүйлерге туристер көп келген.

Мамандардың айтуынша, туризм қызметіне сұраныстың төмендеуіне ойын-сауық шараларының азаюы себеп болуы мүмкін. Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда 2019 жылдың ІІ тоқсанында туристердің шетелге саяхаттауына басқа елдердегі туризм инфрақұрылымының дамуы, қызмет көрсетудің сапалы екені, жолдама құнының тиімділігі және қонақүйлерге орналастырудың мамандандырылған тетіктерінің көп екені себеп болған. Мұны респонденттердің 73%-і айтқан.